Көңіл таразысына салып бажайлап қарасаңыз, тәуекелге бел буып, өз кәсібін дөңгелеткен жандардың ұмтылысы көпке үлгі. Үйдегі ойдың баянды болуына «Еңбек» бағдарламасының шарапаты тиіп тұрғандай.
Қай істің тігісін көктесең де, алдымен ұйытқы боларлық алғашқы қаржы қажет екенін кәсіппен айналыспағандардың өзі де жақсы біледі. Шиелілік Бекза Айтмағанбетова жоғарыда аталған жоба бойынша қыр-сыры мол кәсіпкерлік негіздерін тәп-тәуір меңгеріп, кестелеп тігу бизнесін ашты. Басқалай айтқанда, қалаған тауар түріне логотип немесе жазуды кестелеп жазу. Шағын аудан орталығында айтарлықтай жаңалық бұл. Кәсіпкер нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікі дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» бағдарламасы бойынша «Бизнес бастау» оқу орталығында оқыған. 21 күн ішінде кәсіпкерліктің қыр-сырын үйренген.
– Әрине, сүйікті ісімді табыс көзіне айналдыру оңай болған жоқ. Менің білуімше, ең алдымен кәсіпкерлік негіздерін қапысыз меңгеруің керек. Әйтпесе, құр ұмтылыс орындалмайтын қиял болып қалуы ғажап емес. Ең алдымен, өзің айналысатын істің қыр-сырын жілігін шағып, майын ішкен маман болуың шарт. Егер өзің білмесең, онда бұл тарапқа қадам басуға болмайды, – дейді.
Негізгі мамандығы – мұғалім. Алайда, соған қарамастан өз бизнесін ашарда білімі мен білігіне сүйенген. Жасаған бизнес жоспары да құрғақ қиялдан құрылмаған. Табыс тетігінің құлағы қылтиып тұрған соң грант иегері де атанған.
– Негізінде бағдарламаның көп көмегі тиді. Өз ісінің хас шеберлері қаржылық сауаттылыққа үйретті. Берілген қайтарымсыз несиеге қажетті техникаларды алдым. Қазіргі таңда жаңартылған техникамен және арнайы компьютерлік программамен жұмыс ісеймін. Соның арқасында кәсібімді жалғастыру қиындық тудырмады. Керісінше, қызығушылығым оянып, талпынысым артуда, - деді ол.