ҚАЛА ӘКІМІ Н.НӘЛІБАЕВ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ПӘНДІК ОЛИМПИАДАЛАРДЫҢ ЖҮЛДЕГЕРЛЕРІМЕН КЕЗДЕСТІ
Бүгін, қала әкімі Н.М.Нәлібаев мектеп оқушылары арасынан халықаралық және республикалық пәндік олимпиадалардың жүлдегерлерімен кездесті. Бұл жөнінде қала әкімінің баспасөз қызметі мәлім етті.
Биылғы жылы қаламыздың дарынды оқушылары Елімізде, Ресей мемлекетінде және Оңтүстік Кореяда өткен Халықаралық олимпиадаларға, ғылыми жарыстарға, республикалық пәндік олимпиадаға қатысып 21 оқушы жүлделі орындарды иеленді.
Оның ішінде республикалық пәндік олимпиадаға қаладан 16 дарынды оқушыларымыз қатысып, жүздеген қатысушының ішінен 2 алтын, 1 күміс, 5 қола медаль иеленіп, барлығы 8 жүлде Қызылорда қаласының еншісінде.
Оның ішінде, №3 мектеп-лицейдің оқушылары - 2 алтын, 3 қола медаль, №2 «Мұрагер» мектебінен - 1 күміс медаль, №4, 5 мектеп оқушылары - 2 қола медаль иеленген.
Осыған байланысты, салтанатты қабылдау барысында қала әкімі оқушылар мен ұстаздарды арнайы марапаттады.
Сонымен қатар, 40 жылға жуық білім саласында қызмет жасаған, оның 27 жылы қаламыздағы бірнеше білім ошақтарында басшылық қызметте болған, «Ы.Алтынсарин» медалінің иегері және «Қазақстан Республикасының білім беру саласының үздігі» атағын иемденген Шүренов Алтынсары Әлекеұлы қала әкімінің «Құрмет» грамотасымен марапатталды.
Алтынсары Әлекеұлы ұрпақ тәрбиесімен қатар, қоғамның дамуына ерекше үлес қосып, 2 мәрте қалалық маслихат депутатығына сайланған.