Нұр-Сұлтанда тірек пунктіне "шабуыл" жасалды. Полиция видеоның мән-жайын түсіндірді
Желіде Нұр-Сұлтандағы полицияның тірек пунктіне шабуыл жасалған видео пайда болды. Онда 10-нан астам адам ғимаратқа басып кірмек болады-мыс, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Кадрларда көпшілігі қара киген адамдар есік-терезелерді ұрғылап жатқанын көруге болады. Жандарында полиция формасын киген бірнеше адам жүр.
"Бұл тірек пункті емес пе? Не деген тәртіпсіздік? Оң жағалау орталығындағы бұл үйдің тұрғындары сенбі күні таңертең тарсыл мен айқайдан оянды", - деп жазылған видео сипаттамасында.
Нұр-Сұлтан полициясы жағдайды түсіндірді. "2020 жылдың 22 тамызында сағат 08.00-ден 11.30-ға дейін Нұр-Сұлтан қаласындағы Байқоңыр аудандық полиция басқармасының базасында кеңейтілген жедел тактикалық оқу-жаттығу өткізілді, ол 23 тамызда жалғасады", - деп түсіндірді полиция өкілдері.
Бұл жыл сайын өтетін жоспарлы оқу-жаттығу. Полиция елорда тұрғындары мен қонақтарын өткізіліп жатқан іс-шараға түсіністік танытуға шақырды.