ҚР еңбек сіңірген қайраткері, жырау Ұлжан Байбосынова мен Сыр бойы жыршы-жырауларының «Жыр күмбез» атты жыр жәрмеңкесі өтті.
Жыр жәрмеңкесі Қорқыт ата жайлы бейне көрініспен басталып, қоңыр қобыз сарыны жер-дүниені толқытып өтті. Абыз бабаның «Өткен күн, Кеше, - тарих Келер күн, Ертең, - сыр, Ал, бүгінгі күн – үлкен сый» деген нақылы намаздан тұрған батагөйдің болмысын елестетті. Қобыз үніне еліткен бала Базар «Топқа түстім толғанып» термесін орындады. Алмас Алматов Базар жыраудың «Өсиетімен» өрнектесе, Іле Айдос Рахметов арнау орындады. Арасында «Ақмешіт» фольклорлық ансамблі ерекше күй қосып, тұтас тарихты, өнер өлшемін өсіре түсті.