Facebook WhatsApp Instagram

Мәдениет

0

МЕКТЕПКЕ ЖАРАСҚАН ӘБДІРАШЕВТІҢ ЕСІМІ БЕРІЛДІ

МЕКТЕПКЕ ЖАРАСҚАН ӘБДІРАШЕВТІҢ ЕСІМІ БЕРІЛДІАралдың жағасынан қанат қағып, қазақ әдебиетінің ақиық ақынына айналған Жарасқан Әбдірашевтің шығармашылығына арналған жыр кеші өтіп, туған жеріне бюст орнатылды. Шараларға ақынның отбасы мен туған туыстары, ақын-жазушылар қатысты.
Талантты ақын, білгір сыншы, шебер аудармашы Жарасқан Әбдірашев 1948 жылы 7 наурызда Арал ауданы Аманөткел ауылында дүниеге келген.
Өткен ғасырдың жетпісінші жылдарының басында Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітіріп, әр жылдары «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш»), «Қазақ әдебиеті» газеттерінде, «Жалын» альманағында, «Жұлдыз» журналында, Қазақстан Жазушылар одағында қызмет атқарды. «Тамаша» ойын-сауық театрының бас редакторы болды.
Өмірдерегі осылайша қысқа өрілгенімен Жарасқан поэзия көгіне көркем жырларымен келіп, биікке көтерілген, құнарлы ой, толғам тереңдігімен талғампаз оқырманды таңдай қақтырған дауылпаз дарын иесі.
Бүгін Арал қаласындағы №64-мектепте Жарасқан Әбдірашевтің бюсті ашылды. Бұл салтанатты шараға ақынның қаламдас достары: Көпен Әмірбек, Ұлықбек Есдәулетов, Түменбай Қуандық, жары - Назгүл Мергенбаева, балалары: Рүстем Әбдірашев пен Жәнібек Әбдірашев және басқа да туған-туыстары, сонымен қатар «Нұр Отан» партиясы Қызылорда облысы филиалы Төрағасының Бірінші орынбасары Наурызбай Байқадамов арнайы қатысты.
- Ақын Жарасқан Әбдірашев құт қонған мекен Арал топырағында дүниеге келіп, бала кезден-ақ жырды жанына тұмар етті. Шалқар шабытымен жақұт өлең өрді.Ол - өз шығармаларында қазақ тілінің нәрін жоғалтпастан, ұрпағына таза қалпында жеткізді. Туған халқына, еліне, жеріне арнап 20-дан астам кітап жазып қалдырған. Жарасқан Әбдірашев туған жерге арнаған өлеңдерінде өзінің қасиет тұнған Арал жерінде туылғандығын асқан мақтанышпен жырлайды.Өлең – өмірдің үзіліп түскен бір тамшысы болса, сол тамшыны теңізге айналдырған ақын қаламынан туған шығарманың қайсыбірін алсақ та тұщымды ой, өнегелі тәрбие айқын көрінеді,-деді аудан әкімі Абзал Санасызбайұлы.
Алдағы уақытта мектеп жанынан Жарасқан Әбдірашевтің мұражайын ашу да жоспарланып отыр. Мұражайды жасақтауға ақынның 5-томдық кітабы мен қазақтың бас ақыны Абай Құнанбаевтың ескерткішін ақын Ұлықбек Есдәулетов табыс етті.
Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: