Facebook WhatsApp Instagram

Мәдениет

0

Қызылордада этномедиация бойынша тренинг ұйымдастырылды

Бүгін Қызылорда облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Этномедиация орталығының ұйымдастыруымен «Мың бала» спорт кешенінде этномедиация және медиация тақырыбындағы тимбилдинг шарасы өтті.

Шараның ашылуында Қызылорда облысының қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ бөлім басшысы Шахизат Абдраманова сөз сөйлеп, тимбилдингтің негізгі мақсатына тоқталды. Ол өз сөзінде этномедиацияның қоғамдағы татулық пен өзара түсіністікті нығайтудағы маңызын атап өтті.
— «Бүгінгі шараның басты мақсаты — этномедиация бағытындағы білім мен дағдыларды оқушылар мен мұғалімдерге ойын түрінде жеткізу. Мектеп өмірінде кездесетін түсініспеушіліктер мен дау-дамайларды шешудің тиімді жолдарын көрсету», — деді Шахизат Исабайқызы.
Тренингті облыстық ҚХА жанындағы Этномедиация орталығының төрағасы, психолог-медиатор Жанна Мирамбекқызы жүргізді. Қатысушылар үш командаға бөлініп, «Келісім көшбасшысы», «Медиация елшісі» және «Достық жүрегі» атты топтар өзара сайысқа түсті.
Тимбилдинг барысында қатысушылар бірнеше медиативтік бағыттағы ойындарға қатысты.
Алғашқы «Бір жүрек» ойынында командалар достық пен бірлікті символдық түрде бейнеледі — берілген газет парағына түгел еніп, оны жыртпай нысанаға дейін жету арқылы өзара үйлесімділікті көрсетті.
Келесі «Мен сені танимын ба?» ойынында қатысушылардың байқағыштық пен есте сақтау қабілеті сыналды. Бұл ойын медиациядағы басты дағды — адамды бірінші көзқарастан тани білу мен оны дұрыс сипаттай алу қабілетін дамытуға бағытталды.
Үшінші бөлімде «Бейбіт келісім» атты рөлдік мини-драмалар қойылып, қатысушылар түрлі өмірлік жағдайларда дау-жанжалды қалай бейбіт шешуге болатынын тәжірибе жүзінде көрсетті. «Залға талас», «Топтағы түсініспеушілік», «Сыныптағы орын дауы» сияқты сценарийлер арқылы оқушылар келісімге келу жолдарын іздеп, өзара мәмілеге қол жеткізді.
Шара соңында қатысушылар медиацияның басты қағидаты — тыңдай білу, өз ойын мәдениетті түрде жеткізу және ортақ шешімге келудің маңыздылығын түйсінді.
Барлық қатысушыларға сыйлықтар және жеңімпаз командаларға дипломдар табысталды.
Этномедиация орталығы ұйымдастырған бұл тренинг қатысушылардың командалық рухын көтеріп қана қоймай, бейбіт диалог пен түсіністік мәдениетін қалыптастыруға бағытталған тәжірибелік сабақ болды.

Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: