Халықаралық «Қорқыт және Ұлы дала сазы» атты фольклорлық-музыкалық өнер фестивалінің аясында түркі халықтарының рухани және мәдени мұрасын жаңғыртып, әлемдік деңгейде танытып келе жатқан TURAN этно-фольклорлық ансамблі «TAMYR» атты ерекше музыкалық жобасын қызылордалықтарға ұсынды.
«TAMYR» – түркі халықтарының бай этно-музыкалық дәстүрлерін қазіргі заманға лайықты тыңдау үлгісімен ұштастырып, ұлттың рухани тамырын жаңғыртуға арналған жоба. Ансамбльдің шығармашылығы ұлттық нақышты сақтай отырып, оған жаңа ритм мен динамика енгізеді. Бұл жобаны ерекше әрі әсерлі етеді.
Қазақстанның «TURAN» этно-фольклорлық ансамблі 2008 жылы құрылды. Ұжым әлемнің 122 қаласында 3000-нан аса жеке концерттерін беріп, түркі әлемінің музыкалық бренді атанды. Сондай-ақ қазақ музыка мәдениетінде өзіндік жеке стилін қалыптастырып, елімізде 5 адамнан құралған мультиаспапшылардан тұратын ансамбльдер қатарының көбеюіне сеп болды.«TURAN» ансамбілінің құрамындағы өнерпаздар Серік Нұрмолда, Бауыржан Бекмұханбет, Мақсат Медеубек, Ержігіт Әлиев, Жанту Дадабаев – кәсіби білікті мамандар.
Ансамбльде қазақ халқының 30-дан астам ұлттық аспабы болса, топ құрамындағы әр музыкант кемі бес-он аспапта ойнайды. Ұжым 15 жылда әлемнің түпкір-түпкірінде үш мыңға жуық әртүрлі деңгейде концерттер өткізді.
TURAN ансамблі «TAMYR» арқылы тек Қазақстанда ғана емес, түркі әлемінің көптеген елдерінде де мәдени көпір салуда. Жоба құрамына қазақ, түрік, ұйғыр, қырғыз, әзербайжан және басқа түркі халықтарының музыкасы енген.
«TAMYR» жобасының басты ерекшелігі – әрбір композиция ұлттық тарих пен дәстүрдің терең тамырларын паш етіп, тыңдарманды рухани байлыққа жетелейді. Ансамбль жақында республикалық турға шығып, халықаралық фестивальдерге қатысуға дайындалып жатыр.
Музыка арқылы түркі әлемінің бірлігін нығайтатын TURAN ансамблі «TAMYR» жобасымен ұлттық мәдениеттің жаһандық деңгейде танылуына өзіндік үлесін қосуда.
Концерттің соңында өнерсүйер қауым «Тұран» ансамблінің өнерін жоғары бағалап, қошемет көрсетті.