Сыр елінің саңлағы, Қазақстан Ұлттық Ғылым академиясының корреспондент мүшесі,экономика ғылымдарының докторы, профессор Бақберген Досманбетов Қармақшы аудандық орталық кітапханаға өз кітаптарын тарту етті.
Б.Досманбетов 1945 жылы 21 қыркүйекте Қармақшы ауданының Дерментөбе стансасында туған. С. Орджоникидзе атындағы Мәскеу басқару институтының құрылыс және қала шаруашылығы факультетін бітірген (1971), инженер-экономист.
Экономика ғылымдарының докторы (1994). Докторлық диссертациясының тақырыбы: «Қазақстанның демографиялық және еңбек әлеуеттілігін статистикалық тұрғыдан бағалаудың әдіснамасы». Профессор (1992). Қызылордадағы «Болашақ» университетінің (1995), Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің (1992), Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің (1999) профессоры. ҚР Жоғары мектебі Ғылым академиясының академигі (1995). Әлеуметтік ғылымдар академиясының академигі (1996). ҚР Инженерлік академиясының мүшесі-корреспонденті (1999). Ресей Жаратылыстану академиясының академигі.