Қазақстандық өнертапқыш әнші Мейрамбек Бесбаевтың ұлына электронды бесік сыйлады (ВИДЕО)
Қазақстандық өнертапқыш Серікбол Шаймардан әнші Мейрамбек Бесбаевтың жаңа туған ұлына электронды бесік сыйлады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі. Әнші бұл туралы Instagram желісіндегі парақшасында жария етті. Айта кетейік, "МузАрт" тобының мүшесі Мейрамбек Бесбаев осы жылдың 26 наурызында ұлды болған еді.
Желіге салған видеосының сипаттамасында әнші "Серiкбол бауырымның Әбухайырға сыйлығы. Алла разы болсын", - деп жазды. Шағын видеороликтегі электронды бесіктен Мейрамбек Бесбаевтың орындауындағы "Бесік жыры" айтылатынын естуге болады.
Еске салайық, өткен жылдың қараша айында Қазақстанда сәбиді бөлеп қана қоймай, оған әлди әнін айтып та беретін электронды бесіктің саудаға шығарылғаны хабарланған болатын. Инновациялық бесік жөнінде өнертапқыш Серікбол Шаймардан айтып берген болатын. Оның айтуынша, құрылғы батареялармен немесе электр тогымен жұмыс істейді. Бесікті пульттың көмегімен басқаруға болады. Ол сәбидің жылаған дауысын "бірден сезеді" де, тербеле бастайды - ата-ана бес режимнің ішінен тербелу жиілігін өзі таңдай алады. Қазақстандықтың өнертабысы USB-портпен жабдықталған, ата-ана оған өз талғамы бойынша әуендерді енгізе алады. Құрылғының жадына қазақтың халық күйлері мен Жамбыл Жабаевтың шығармалары о бастан енгізіліп қойған.