Сыр өңірінде жыраулық өнердің беделі жоғары. Сол қастерлі дүниені ұлықтап, жастар арасында насихаттап жүрген талантты өнерпаздар бар. Дәстүрлі әнді дәріптеумен бірге композиторлық бағытты да қатар алып жүрген, әндері эстрада тілімен айтқанда хитқа айналған, Қазалы ауданының тумасы Жарасхан Төлебайды бүгінде халық танып үлгерді. Бізде өн бойына бірнеше өнерді жинаған жас композитормен сұқбаттасқанды жөн санадық. –Сыр өңірі – жыршылық өнердің туы тігілген жер. Жастар арасында дәстүрлі әнді дәріптеуге зор еңбек сіңіріп келесің.Оған қызығушылығың қалай пайда болды?
–Жыраулық – қанымызға сіңген қасиетті өнер. Асқанға тосқау болды, тосылғанға демеу берді. Оны төл тарихымыздан, рухани әлемімізден еш уақытта бөліп тастай алмаймыз. Бала күнімізден аға буын жырау-термешілердің өнерін тамашалап, оларды тыңдап өстік. Есейе келе тәлім алдық. Жыраулық дәстүр – бүтін бір қазақ халқының тарихы, рухы, салт-дәстүрі, философиясы өмірлік тұжырымы бар қасиеті тоғысқан қастерлі дүние. Өзім осы мамандықты тәмамдағасын аса бір қиындығын сезінбедім. Уақытты тиімді пайдалана білсең, бәрінде қатар алып жүруге болады.
– Бойындағы осы өнер кімнен дарыды?
– Бұл өнер әкемнің де, анамның да жағынан бар. Қанда бар қасиет. Бала кезден өнерге жақын болып өстім. Мектеп қабырғасынан қазақтың қара домбырасын қолыма алып, жаныма жырды серік еттім. Өнерді бала кезден жүрегіммен қаладым. Нәтижесінде Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде дәстүрлі өнер, жыр мамандығы бойынша білім алдым. Ал, нақты өнерге келуіме туған жерім Қазалы топырағы ықпал етті десем қателеспегенім. Бұл жолға келдін бе, шаршау дегенді ұмыту қажет. Менің түсінігімде, үлкен еңбек шығармашылықты ұштайды. Қазақтың «Еңбек еткенге бақыт басын иеді» деген тәмсілі тегін айтылмаған.
– Қандай жыраулардың шығармаларын орындап жүрсін? Ән қоржынында қандай дастан, термелер бар?
– Нұртуған, Базар, Тұрмағанбет, Дүр Оңғар, Қарасақал Ерімбет, Бекұзақ Тәңірбергенов тағы басқа жыраулық дәстүрге із қалдырған аяулы жандардың шығармаларын орындап жүрмін.
– Термені қобызбен орындап жүргеніңді білеміз. Халық оны қалай қабылдайды? Қобызбен орындауды кімнен үйрендің?
– Өнердің қаймағы саналатын қазақтың жыр өнері – халқымыздың мерей тұтып, мақтаныш етер асыл мұрасы. Бүгінде де ол – рухани жәдігерлердің ішінде замана сүзгісінен өтіп, халқымыздың ежелгі рухын, тарихын, жан дүние сұлулығын, мейірімін, ізденісі мен махаббатын бүгінгі ұрпағымызға жеткізген асыл құндылық. Соның ішінде қобызбен жырлау дәстүрі қазіргі уақытта кенжелеп қалған. Оны халық ерекше қабылдайды. Бұл аспаппен жыр айтып жүргендер де санаулы. Университет қабырғасында ұстазым Мақсат Мұхаммеджанов үйретіп, сахнаға шыға бастадым.
– Қандай сазгерлерді үлгі тұтасын?
– Халқымыздың рухани өмірі мен музыкалық мәдениетінде Шәмші Қалдаяқовтың алатын орны орасан екені ерекше. Қазақ халқының ұлттық мақтанышына айналған ұлы композитор – менің идеалым.
– Жастар көбіне сөзі де, сазы да жанды баурай қоймайтын арзан дүниелер мен уақытша дәуірі жүріп тұрған әншілерге әуес. Жыр-термеге құлқы жоқ, неге?
– Жыр-термені әрбір саналы азамат түсіне білуі тиіс. Әрине, әркімнің ой-өрісі, дүниетанымы түрліше. Рыс, қазір халық жеңіл әнге, әнді айтпағанда жеңіл жаңалықтарға әуес. Ғаламторда тек шоу-бизнесті қарайды. Неге? Өйткені оларға әншілердің өмірі қызық .Десе де ұлттық өнердің орны бөлек. Ол өзінің құнын жоғалтпайды. Шетелден түрлі сарындағы әндер келіп жатыр. Жастар бүгінде оларды жарыса орындайды. Алайда, олар – мәңгілік емес. Бүгін айтылады, ертең ұмыт болады. Ал, терме ол ешқашан өлмейді. Қанша уақыт өтсе де ұрпақтар айтады. Біз қазір бабаларымыз орындаған жырын айтып жүрміз. Біз секілді жастар қатары көбейсе, қазақ өнері, жыры ұмыт қалмайды. Ол ананың сүтімен, атаның қанымен бойымызға сіңген еді. Ол әрбір ер жігіттің бойынан табылуы тиіс.
– Жыраулық өнермен қатар ел арасында композиторлық қырыңмен де танылып үлгердін. Сенің әнінді бірнеше эстарада жұлдыздары орындап жүр. Жалпы, композиторлыққа қалай ойыстын?
– Ән жазамын деген ой санамда болған емес. Сазгерлік – уақыт өте келе пайда болған дүние. Жыр айту арқылы бір қырым ашылды десем де болатын шығар. Өнер – қанмен келетін, жаныңа киедей қонатын қасиет. Оның аманаты ауыр, жүгі жеңіл емес.
– Əн қалай туады, əлде бір көңіл күйдің ықпалы болады ма?
– Шабыт келгенде ән шығады. Барлық әндерім сәтті шыға бермейді. Ойыңа келген әуенді жазғанмен, кейін тыңдағанда ол ұнамай қалуы мүмкін. Кейбірін дамытып, жақсы дүние шығарамын. Әнді орындап шығу – бір басқа, әнді дүниеге әкелу – бір басқа. Себебі, ақ қағазға әдемі ноталарды түсіру үшін алдымен жүрек пен сезім керек. Сол сезімді дәл уақытында ыңылдап сыртқа шығара білген жан ғана сазгер атана алады. Алғашқы ән туындыларым көңіл-күйге, сыртқы әсерлерге, махаббат әсерінен туғанын жасырмаймын. Кейіннен оған арнайы уақыт бөлетін болдым.
– Әнші Қуандық Рахым сенің бірнеше әнінді орындап жүр. Олар хитқа айналып үлгерді. Әннің танымалдылыққа ие болуы неге байланысты?
– Иә, Қуандық бауырым бірнеше әнімді орындап жүр. «Мен қазақпын», «Шын ғашықтар», «Оп оңай», «Өлмейтіндер» секілді әндер репетуарында бар. Халық бұл әндерді жақсы қабылдады. Әннің тыңдарман жүрегінен табылуы оның сәтті шығуына байланысты. Өйткені, бүгінде халыққа тәуір дүние ұсынған дұрыс. Сапасыз ән бір-екі тыңдалады да, ұмыт қалады. Ұмыт қалмас үшін тыңбай еңбек еткен абзал. Басқа да эстрада әншілерінен ұсыныстар түсіп жатыр. Алдағы уақытта оларменде шығармашылық байланыс орнатуды жоспарлап отырмын.
– Уақыт бөліп, әңгімелескеніңізге рақмет!
Сұқбатты жүргізген: Жарасхан Өтебалиев.