Жылда дәстүрлі түрде өтетін «Қазақстан аруы-2016» байқауы биыл тағы да өз үздігін таңдап алды. Хор қызындай бір-бірінен өткен хас сұлулардың барлығы да «Қазақстан аруы» атағын алуға әбден лайық еді. Десек те, өзінің инабаттылығымен, қараса көз тоймас көріктілігімен, сол көркіне сай ақыл-парасатымен көзге түскен жерлесіміз Гүлбану Әзімханова көп ішінен оқ бойы озып алға шықты. Айта кетерлігі, мұндай беделді байқауда Қызылордадан жеңімпаз атанған сұлулар санаулы ғана.
– Байқаудың қорытындысы шыққалы бері әлеуметтік желідегі құттықтаулар легінде шек жоқ. Біз де барша қызылордалықтардың атынан айтулы жетістігіңмен құттықтаймыз.
– Рақмет, маған қолдау білдірген жандарға айрықша алғыс білдіргім келеді. Оның ішінде «Қазақстан аруына» дайындаған «Харизма» сән және таланттар академиясына ризашылығым шексіз. Байқауға қатысамын дегеннен бастап жан-жақты демеп, үлкен үміт артты. Сол үмітті ақтауға барымды салдым. Маған сенім артқан тілеулестерімді жерге қаратпауға тырыстым.
Мен 1998 жылы 10 мамырда Қызылорда қаласында дүниеге келдім. Қарапайым қазақ отбасында тәрбиелендім. Үш бауырым бар. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесін» деп әке-шешем барынша қазақы тәрбиеге баулып өсірді. Қызға тән жинақылықты, ұқыптылықты, әр іске тындырымды болуды үйретті. Бала күннен алған сол тәрбиемнің өмірлік азбас азық боларын білемін. Мектепті жақсы көрсеткішпен аяқтаған соң, дәрігерлік жолды таңдадым. Қазіргі таңда медициналық колледждің «мейірбике ісі» мамандығының 4-ші курс студентімін.
– «Қазақстан аруы» атағының арқалар жүгі ауыр екені белгілі. Атаққа қол жеткізгенде қандай сезімде болдың?
– Мен бұл байқаудың салмағын, жауапкершілігін сезініп бардым. «Қалайда жеңіп шығамын» деген ой болған жоқ. Дегенмен, бағымды сынап көрейін дедім. Жан-жақтан жиналған 25 арудың ішінен суырылып алға шығу оңай болмады. Ал, бірінен-бірі өткен қыздардың арасынан үздігін таңдап алу әділ қазыларға да қиындық тудырғаны анық. Себебі, ондағы арулардың қай-қайсысы да осы атаққа әбден лайық еді. Байқауға төрағалық етушілер мен халықтың СМС жолдауы менің жеңіс тұғырынан көрінуіме себепкер болды. Көпшіліктің көңілінен шықсам, демек, лайықты болған шығармын деп ойлаймын. Енді алдағы уақытта осы атақтың абыройы үшін жұмыс жасаймын. Ал, жеңіп алған ақшалай сыйақымның бір бөлігін балалар үйіне, ал қалғанын ата-анама беремін.
– Сенің ойыңша, қазақ қызының болмысы қандай болу керек? Өзің сол үдеден шығып жүрсің бе?
– Қазақ қызына лайықты атану әрбір бойжеткеннің басты міндеті деп ойлаймын. Егер болашақ ананың тәлім-тәрбиесі терең болса, оның бойынан қазақи болмыс-бітіміне тән барлық қасиеттер табылады. Жалпы, халқымыз қашанда қыз тәрбиесіне жіті көңіл бөлген ғой. Оның ибалы, инабатты, салмақты қасиеттермен бойжетуіне ерекше ден қойған. «Аты шыққан ұлың болсын, атағы шықпаған қызың болсын» деген ел аузында қалған даналық ой соның айқын дәйегіндей. Сондықтан жаңа ғасырда өмір сүрсек те, ежелден қалыптасқан дәстүрдің жібін үзбей жалғау – бізге сын.
– Байқауға дейінгі дайындық барысы қалай өтті? Қандайда бір қиындықтар туындады ма?
– Бұл жеңіс мен үшін тынымсыз еңбектің, ізденістің, үлкен дайындықтың жемісі. Қобалжыдым, үрейлендім, жасырмаймын. Ол кез келген сын сағаттарында болатын құбылыс. Күніне 4 сағаттан астам уақытымды соған арнадым. Қызу дайындықпен таңды ұйқысыз атырған уақыт та кездесті. Негізі, қандай да бір қиындықтар орын алды деп айта алмаймын. Жаныңда рухани демеп отырған тілеулес жандар барда қандай қиындық кездеседі? Керісінше, күш береді, қанаттандырады. Бір жағынан, қазақылықтың қаймағы бұзылмаған өлкеде туып-өсу де үлкен көмек болған секілді. Күнделікті үйде ұлттық әдет-ғұрыпты, салт-дәстүрді көріп өскен мен үшін аса қиындық туындаған жоқ. Ең бастысы, ұлт тарихын, мәдениеті мен салт-дәстүрлерін қаншалықты білетінімді жеткізе алдым деп ойлаймын.
– Енді алдағы уақытта «Қазақстан аруын» қандай бағытта көре аламыз? Алға қойған арман, жоспарларыңмен бөліссең…
– Адам армандауды ешқашан тоқтатпауы керек. Маған жөн сілтеуші үлкендер де осыны үнемі есіме салып отырады. Себебі, кішкентайынан алдына бағыты айқын, нақты мақсат-міндет қоя білген жанның талай асуды бағындырары анық. Мәселен, мен бала күнімде теледидардан «Қыз сыны», «Арулар сайысын» көріп іштей армандайтынмын. Армандар орындалады. Мінекей, алдымен «Қызылорда аруы», сосын мен үшін биылғы жылдың басты жаңалығы – «Қазақстан аруы» атағын иелендім. Енді алдағы уақытта күллі дүние көз тіккен «Әлем аруы» байқауында бүкіл қазақ жұртының намысын қорғайтын боламын. Бұл мен үшін үлкен сынақ болғалы тұр. Алты құрлықтың сұлулары өзара сынға түсетін осы бәсекеде барша қазақстандықтардың ыстық ықыласы мен ерекше қолдауын күтемін.
– Әңгімеңе рақмет! Әлем алдында мемлекетіміздің мерейін үстем ететініңе біз де сенім білдіреміз.
Сұқбаттасқан: Бағлан ТІЛЕУБЕРГЕНОВА.