Константин Луца "Менің Қазақстаным" фестивалінде бас жүлде алды
2015 жылдың 27-28 ақпанында Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылған күні қарсаңында этномәдени бірлестіктердің көркем өнерпаздарының қатысуымен Астана қаласында «Менің Қазақстаным» атты республикалық музыкалық фестиваль өткізілді. Онда «Бейбітшілік пен келісімнің жол картасы» мега-жобасының қорытындысы шығарылды.
27 ақпан күні «Менің Қазақстаным» атты республикалық музыкалық фестиваль екі аталым бойынша өтті: Қазақ халқының ұлттық аспаптарында күй тарту және қазақтың халық әндері мен қазақ композиторларының әндерін орындау.
Бірінші аталым бойынша Қазанғап атындағы Қызылорда музыкалық колледжінің студенті Кристина Тигай қатысып, Нұрғиса Тілендиевтің «Аққу» күйін орындады. Ән аталымы бойынша қатысқан «Болашақ» университетінің 2-курс студенті Константин Луца Абайдың «Айттым сәлем Қаламқас» әнін тебірене орындап, жұртшылықтың көңілінен шықты. Әуенді жүрегімен айтып, көпшілікке жеткізе білген К.Луца фестивальдің Бас жүлдесімен марапатталып, 250 мың теңге сыйлыққа ие болды.
28 ақпан күні республика көлемінде екі жылдан бері жүргізіліп келе жатқан «Бейбітшілік пен келісімнің жол картасы» мега-жобасының қорытындысы шығарылды. Барлық облыстар Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының Дипломымен марапатталды.
Облыстан 15 адамнан тұратын арнайы делегация жасақталып барды. Делегация құрамында облыстық ассамблеяның, этномәдени бірлестіктердің, қоғамдық келісім кеңестерінің, аналар кеңесінің белсенді мүшелері мен этномәдени бірлестіктерге ұдайы қолдау көрсетіп келе жатқан демеушілер болды.
Делегация ҚХА хатшылығының басшыларымен кездесіп, түрлі шараларға қатысып, Астана қаласын 2 күн аралап, елге оралды.
Бұл шараларға Қызылорда облысының ғана делегациясы барғанын атап өту керек.