Аудандық мәдениет үйінде көрермендерге Қазақ КСР-інің Халық ағарту комиссары, қазақстандағы мәдениет, әдебиет, және өнер саласының талантты ұйымдастырушыларының бірі, республиканың көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Темірбек Қараұлы Жүргенов туралы Е.Рақышевтің «Темір нарком Темірбек» атты деректі фильмі көрсетілді.
Деректі фильм тарихтың, дәуірдің, қоғамның, өткеннің шежіре шындығын, адам тағдырын айнымас ақиқатпен баяндап беретін жанр.
Бір сағатқа жуық көрсетілген деректі фильмде Темірбек Жүргеновтің балалық шағынан бастап, оның қоғамдық жұмыстарға белсене араласқаны, халқы үшін аянбай тер төккені кезең-кезеңімен сиппатталады.
Шарада Қармақшы ауданының «Құрметті азаматы», Т.Жүргенов атындағы қордың төрағасы Сәпен Аңсатов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қаршыға Есдаулетов сөз алып, жастарға Алаш ардақтысы туралы Қазақстан және Орта Азия тарихындағы ерекше рөлін, оның шығыс халқын рухани азат ету, кеңес заманында қазақ мәдениетін нығайту мен қазақ халқын біріктіру жолында жасаған ерен еңбектерін айтты. Сондай ақ аудан әкімінің орынбасары Болат Нақыпов Т.Жүргенов жайлы аудан көлемінде өткізіліп жатқан шаралар мұнымен тоқталмайтынын жеткізіп, С.Аңсатовқа таусылмас қазына кітапті сыйға тартып, кешті қорытындылады.
Халқынының ұлт ретінде ұйысуын көздеген, қазақ жұртының азаттығы жолында күрескен Алаш көсемінің ел үшін еткен ерліктері жылдар бедерінде, ұрпақ жадында мәңгі сақталары хақ. Ал оны ұлт жадында өшпестей етіп жаңғырту – кейінгі ұрпақ еншісінде.