– Сіздің «Жайдарманға» келуіңізге не түрткі болды? Қызығушылығыңыз қай кезден бастау алды?
– Жайдарман әлеміне қызығушылығым мектеп қабырғасында жүргенде оянған. Алғаш 10-11 сынып оқып жүргенімде өнер көрсеттім. Сол кезде «КВН», бүгінде «Жайдарман» аталған сайыстың толық нұсқаларын дисклерден көретінбіз. Дегенмен, бала кезден бергі арманым-әнші болу болатын.
Шыны керек, әзілге қарағанда ән айтуға деген қызығушылығым басым болды. Мектеп бітіріп, Ақтөбеге оқуға түстім. Алматыға жол түсіп, мектеп кезінде қарсылас командада өнер көрсеткен Ғалыммен кезігіп қалдық. Сол тұста Аралға барып, жайдарман тобын құру турасындағы өз ойын айтты. Бірақ, мен ән айтқым келетіндігін жеткізгенімде алғашқыда қолдағандай болды. Әйткенмен, «Жайдарман» сахнасында өнер көрсетуді қалап, жайдарман тобын құру жайындағы ойынан қайтпады. Мен де келісе кеттім. Команданың негізін қалаған Төребек команда құрамына үміткер жігіттерден іріктеу жүргізді. Егер әзілің өтімді болып, актерлік шеберлігің бар болса, командаға аламыз деді. Шындығына келгенде ол кездерде менің аса қызығушылығым болмағанын жасырмаймын.Өтпесем де өкінбеймін деп, ойыма келген бір әзілді ойнадым. Төребек өтпейсің деді. Ал, Ғалым команда құрамына қабылданып қойған болатын. Артынан орталық алаңда концертке қатысатын болдық. Егер, сол концертте талантыңды толық көрсете білсең командаға аламыз деді. Концерт сәтті өтіп, «Арал-Ас» жайдарман тобына іліктім. Әзіл әлеміне деген қадамым осылай басталған болатын.
– «Арал-Ас» жайдарман тобының құрылуын және жетістіктерімен топ құрамындағы өзге ойыншылардың сұхбаттары арқылы білдік. Команданың болашаққа деген жоспарларымен бөлісе отырсаңыз?
– Негізі, біз «Жайдарманмен» түбегейлі қоштастық. Арнайы жобаларда өнер көрсетеміз деген жоспар бар. Бұйыртса, болашақта «Жайдарман» әлеміндегі көрген-білгенімді, ойға түйгенімді жас командаларға үйретіп, сайысқа әкеліп қатыстыруым мүмкін. Негізі, жоғарыда айтып өткендей команда болып өнер көрсететін арнайы жобалардан бас тартпаймыз. Киноға түсу арқылы актерлік қабілетімді шыңдағым келеді. Әрине, тек командадағы бауырларыммен бірге.
– Қай саланың маманысыз?
– Менің мамандығым — менеджер. Ірі сауда орталықтарында үлкен жауапкершілікті арқау етіп, қызмет атқаратын «менеджер» мамандығы бойынша білім алдым.
– Өз салаңыз бойынша қызмет жасау ойда жоқ па?
– Алла қаласа ойда бар. Бірақ, жақын арада емес екені анық.
– «Қорқыт құрамасы» жайдарман тобының мүшесі Асылхан сұхбатында егер «әзіл кештер мен көңілді тапқыртар клубының» жетекшісі болсам, сайыс кезінде елдің түпкір-түпкірінен Астана қаласына жиналған жайдарманшылардың баспана мәселесінің шешімін табуына септігімді тигізер едім,» — деп ойын айтты. Ал, сізде осы билік қолыңызда болса, жайдарман әлеміне қандай жаңашылдық әкелер едіңіз?
– Мен жайдарманшылардың өнерлерін шыңдауға мүмкіндік беретін түрлі телевизиялық жобалар негізінде жұмыс жасар ма едім?! Жалпы, бұл әлемнен мүлде хабары жоқ бола тұра, жайдарманды мойындамайтын кісілер кездеседі.
Соған дәлел ретінде жайдарманшылардың қатысуымен өтетін телевизиялық жобалар бойынша жұмыс жасасақ деген ой бар. Сондай-ақ, Асылханның да ұсынысын құптар едім. Түптеп келгенде ауызға айту оңай, ал осы айтылған шаруаларды атқара білу де ерлікті, тынымсыз еңбекті, қаржыны талап етеді. Мен Есен Елеукен мырзаның қазіргі таңда істеп жатырған ерлік істерін, ұшқыр ойдың ұшқынымен атқарып жатырған шаруалары аз емес екендігін де білемін. Қазақша жайдарман сайыстарының осы күнге дейін өркендеп, талай жастың өнер әлемінде өз мүмкіндіктерін сынауына қолғабыс ете білу де оңай шаруа емес.
– Әдеткі сайыстардың бірінде «қайым айтыс» айдарында «Арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты» деген өлең жолдарын қарсыластарыңызға жалғастыруды ұсындыңыздар. Сол кездегі жауабыңызды еске түсіре аласыз ба қазір? Немесе жалғастырсаңыз?
– Шынымды айтсам, қалай жауап бергенім есімде жоқ екен. Ал, қазіргі нұсқамда «Қыздарымыз қылықты, жігіттеріміз салмақты» деп айтар едім.
– «Жайдарман» сахнасында өнер көрсетіп кеткен және бүгінде өнер көрсетіп жүрген «мықты» деген командаларға тоқталып, өз ойыңызбен бөлісе отырсаңыз?
Өнер көрсетіп кеткен командалардың қатарынан «Техас» тобын ерекше атап өтер едім. Әр әзілдері өтімді, мағыналы болатын. Ал, бізбен қатар өнер көрсеткен Оралдың тумалары «Назар аудар» жайдарман тобы да мен үшін ерекшелердің қатарында. Ол өмірде жақын достарымыз болған себепті айтып отырған пікір емес. Шыны керек, бұл команда жайдарманға өзгеше жаңашылдық алып келді. Ой тапқырлығы жағынан болсын, стиль жағынан болсын. Одан кейін 2013 жылы премьер лиганың чемпиондары атанып, биылғы маусымда жоғары лигада өнер көрсеткен «Тұңғыш Астана» жайдарман тобы, «Экспресс Ақтөбе», «АЭСА» және тағы да басқа командалар.
– Сізге айтылған ең соңғы орынсыз сын қандай?
– Сын естімегелі көп болыпты. Бірақ, «Арал-Ас» жайдарманды алғаш ойнап бастаған жылдары үлкен сын айтылған болатын. Қателеспесем, 2009 жылы «Сыр елі орталық лигасында» өнер көрсеткен кезім болуы керек. Үлкен кісі ойындарыңды көрдім, актерлік шеберлігің ұнады. Бірақ, дауысың ащы деді. Сосын, бір концертке шығып «жұлдыз» болып кеткенім бар екен. Шыны керек, өзіме ол қылығым байқалмады. Сол кезде «жұлдыз болуға әлі ерте» деген сын естідім. Жүрегіме қатты қабылдадым.
– Сонда «жұлдыз» ауруымен ауырдыңыз ғой.
– Бұрын… Тәкаппарлық-мұсылманға жат қасиет екенін білемін. Мысалға, жанкүйерлермен суретке түсер кезде мейлінше кетіп қалғым келеді. Ол танымал не жұлдыз санағандықтан емес. Дегенмен, ешкімнің көңілін қалдырмауға тырысамын. Мен айтылған сынды алғашқыда қатты қабылдаймын. «Неге маған олай айтты?» деп ойланып қалатын кездер болады. Негізі, сынды қаншалықты орынды айтқанына байланысты ғой. Көреалмаушылық пиғылмен де сыни пікір айтатындар да кездеседі. Әйткенмен, орынмен айтылған пікірлері ескеріп, нәтиже шығаруға тырысамын.
– Сырт көзге көкірек көрінесіз. Жалпы, мінезіңіге сипаттама беріп өтіңізші?
– Ия. Көкірек болғанда таккаппарлық қасиет емес. Көкіректікті талап ететін де орта болады. Бұл мінезім көбінесе жұлдыздардың арасында жүргенде басым екенін жасырмаймын. Анығы, сол орта осы мінезді талап етеді. Ауылдың тәрбиесін алып өскен қарапайым ғана баламыз ғой. Не дегенмен ауылдың лебі тартып тұрады.
– Сұхбат барысын жеке өмірге бұрсақ. Тәлім-тәрбие берген ата-анаңыз, қамқор болар бауырларыңыз жөнінде айтып өтсеңіз?
– Ұлағатты сөздерін аямай «айналайын» деп мандайымыздан иіскелер асыл әжем бар. Жарық дүниеге әкеліп, тәлім-тәрбиесін аямаған ардақты ата-анам бар. Әкем су құбырында, анам-балабақшалардың бірінде тәрбиеші қызметін атқарады. Үйдің тұңғышы Дастан есімді қамқор ағам және ерке қарындасым бар. Әкем-салмақты кісі. Ал, анам-ашық мінезді жан. Менің мінезім анама тартқан. Қаймағы бұзылмаған Аралдың қарапайым ғана отбасыларының қатарынан боламыз. Мекен-жайым: «Алтынсарин 15». Оқып отырған оқырмандар, қонаққа келіңіздер (күліп).
– Команданың жігіттері отбасылы болып, бүгінде отағасы, әке атануда. Сіздің тараптан бұл жаңалықты жайдармансүйер қауым қашан естіп, сүйінші сұрай алады?
– Алла қаласа. Жар болуға лайық қыз кезіксе, алдағы біржылдықта отбасын құрсам деген жоспар мен мақсатым бар.
– Сіздің арманыңыздағы қазақ қызы қандай болуы керек?
– Ата-ананың тәрбиесін алған көргенді қыз болса деймін. Мейлінше, әкенің тәрбиесін мықтап алғанын қалаймын. Әкесінің тәрбиесін санаға сіңірген сұлу болашақта жарын да әкесіндей сыйлайды деп ойлаймын. Бастысы, қарапайым ғана жан болса екен деймін. Үйге келген қонаққа қабақ шытпай, жылы шыраймен күтіп алып, шығарып салатын иманды жан болса екен деп тілеймін. Үйленгеннен кейін алған жарымның әріқарайғы өмірінде тәрбие беретін мен боламын. Болашақ жарымның ауылдың қызы болғанын қалаймын.
– Бір көргеннен ұнату деген ұғымға сенесіз бе?
– Сенемін. Басымнан өтті. Бір көргеннен ұнатып, ғашық болып көрдім. Бір көріп, ғашық болып, отбасын құрып жатқандар да кездесіп жатыр. Бірақ, қазір адамның түрінің сұлулығына емес, жүрегінің сұлулығына қарауды талап ететін кезең ғой.
– Сізді бүгінде не толғандырады?
– Қоғамда қазақылық жоғалып барады. Ұлттық тәрбие, патриоттық тәрбие құрып барады. Мысалы, Илья Ильин жеңімпаз болып, көк туымыз әлемдік деңгейде желбіреп тұрса, көзіме еріксіз жас келетін. Бұл патриоттықтан деп білемін. Осы ұғым да бізден алыстап бара жатқан секілді. Құлағына сырға тағатын жігіттердің пайда болуы мен жаз мезгілі жақындаса сандықтарынан қысқа көйлектерін шығарып, сандарын жалтыратып киініп алатын қыздарымыздың келешігі толғандырады. Қыздардың ұзын көйлегі жыл санап қысқарып барады, Сондай-ақ, қазақ қыздарын басқа ұлт өкілдірінің қасынан көргім келмейді. Бұл да болса қоғамдағы өзекті мәселелердің бірі.
– Соңғы рет қандай кітап оқыдыңыз?
– «Қазақ жеріндегі ұлы шайқастар» деген кітапты оқыдым. Тарихты бейнелеген кітаптың арқасында біраз әзілдер де дүниеге келіп жатыр.
Сұхбаттасқан
Айдана Әлиарыстанова
jaidarman.kz