«Тарих көшіндегі 100 жыл» тақырыбында ғылыми жоба байқауы өткізілді.
Қызылорда қаласының қатпарлы қазақ тарихында алатын орны ерекше. Қызылорда – қазақ халқының алғашқы өз еркіндігін алуының, ұлтымыздың «қазақ» деген атауға ресми түрде ие болуының тарихи белгісі. Биыл Қазақ Республикасының 1925-1929 жылдардағы астанасы болған Қызылорда қаласына 100 жыл толып отыр. Осыған орай 2025 жылғы 20 қазанда Қызылорда облыстық мемлекеттік архивінің ұйымдастыруымен архив қоры құжаттарындағы деректер арқылы оқушылардың ғылыми зерттеу және оқу-танымдық қызметін ынталандыру, өңіріміздің жүз жылдық тарихын білу, ғылымға деген қызығушылықтарын арттыру мақсатында «Тарих көшіндегі 100 жыл» тақырыбында ғылыми жоба байқауы өткізілді.
Шараға Қызылорда қаласындағы ауыл мектептері С.Әлжіков атындағы №144 орта мектебі, А.Хангелдин атындағы №179 мектеп, №145 Бірқазан орта мектебі, №218 орта мектебі, №295 орта мектеп, №175 негізгі орта мектеп, №280 орта мектеп, №178 орта мектеп, Абай атындағы №138 орта мектебінің 9-10 сынып оқушылары жетекшілерімен қатысып, Қызылорданың тарихи кезеңдерін зерттеу бағытындағы ғылыми зерттеу жұмыстарын ұсынды. Жобаны қорғау барысында оқушылардың архив қоры құжаттарын пайдалануы, тақырыптың ғылыми негізділігі, зерттеу тақырыбының өзектілігі, жұмыстың жазылу сауаттылығы назарға алынды. Ғылыми жоба байқауының әділ-қазы алқасының құрамында Қызылорда облыстық мемлекеттік архивінің басшысы Абзалиева Жанат Амангелдіқызы, Қызылорда облыстық мемлекеттік архивінің заңгері Шонаева Күләш Байсейітқызы, А.Байтұрсынов атындағы №211 орта мектебінің тарих пәні мұғалімі, педагог-зерттеуші Байғараева Жұлдыз Төлекқызы қазылық етті. Шараны Қызылорда облыстық мемлекеттік архивінің басшысы Ж.Абзалиева ашып беріп, жас ұрпақты отансүйгіштікке баулуда мұндай шараның маңызын атап өтіп, жас дарындарға сәттілік тіледі. Жобаға қатысқан оқушылар өз ғылыми ізденістерін жоғары деңгейде қорғап, зерттеушілік қабілеттерін жаңа қырынан көрсетті. Байқаудың қорытындысымен жүлделі 1 орынды №175 орта мектебінің оқушысы Қаржаубаев Айсұлтан, ІІ орынды №218 орта мектебінің оқушысы Темірхан Алуа, ІІІ орындарды №178 орта мектебінің оқушысы Қуандық Замир, №138 орта мектебінің оқушысы Оңалсын Шапағат бөліссе, №145 Бірқазан орта мектебінің оқушысы Жақсыбек Айзере "Үздік презентация", А.Хангелдин атындағы №179 мектебінің оқушысы Мейрам Сайда "Зерделі жұмыс", №280 орта мектебінің оқушысы Бақытжанқызы Алмагүл "Үздік зерттеушісі" номинацияларын иеленіп, оқушыларға дипломдар мен алғыс хаттар табысталды. Шара соңында Т.Есетов атындағы №264 мектеп-лицейі жанындағы қосымша білім беру орталығының «Жас домбырашылар» ансамблінің орындауында күй тартылып, қатысушыларға архив қоры құжаттарынан дайындалған тарихи-құжаттық көрме таныстырылды.