Екі ғасырға жуық тарихы бар қаламыздың тамыры тереңде жатқаны белгілі. Бірақ бізге туған өлке тарихы кешегі жетпіс жылғы кеңестік кезеңде шынайы оқытылмады. Қазір тәуелсіз елміз. Мені көптен бері мазалап жүрген өзіміз ғұмыр кешіп жатқан Шанхай, Шымбай атауларының шығу тарихы тереңдеп айтылмауы және қаламызда сырын бүгіп жатқан тарихи орындарымыздың бар екенін ойландырмай қалмады. Солардың бірі Керуен сарай еді. Ең алғаш Керуен сарайды әжелерімізден естіген едім. Әжелеріміздің айтуына қарағанда Керуен сарай болғанын, ол ескі базарға кіреберістегі кірпіштен салынған ғимарат, яғни қазіргі Аль-Асад сауда үйі екен. Алғашқы келген тігін тігетін машинаны жас кезінде әжемнің әкесі осы Керуен сарайдан алып бергенін, сөйтіп тігін тігіп үйреніп, ашаршылық кезде Ташкентте соның арқасында аман қалғанын айтып отыратын. Осы Керуен сарайға болыстыққа түсетін кісілер сән-салтанатпен, жандарына нөкерлерін ертіп келіп, кетіп жүрген, Тұрсынбай датқа әулетінен шыққан Орынбек қызы Зейнеш әжем жүз жасаған атам Сыздықтың ағасы қайтыс болып, жастай қалған жеңгесін әмеңгерлік жолмен қосқан екен. Өз әжем Торғай датқа әулетінен Қалыш қызы Бибісара Зейнеш әжемнің маған сенің әжеңнің әкесі атағы жер жарған Кареней деген би болған дегені құлағымда қалыпты. Әжем де әкесін кейде Кареней дейтін. Халық Кареней (шын аты Қалыш) деп атап кеткен. Менің атам Сыздық Сүлей екеуі Ақмешіт, Қостанай арасында керуен басы болған. Ол кісілер туралы ел аузында өлең жолдар сақталған.
Қостанайдан келеді Сүлей Сыздық
Екеуінің жүрген жері екі бұзық.
Екеуі де уәдеге берік, айтқан сөздерінде тұратын мінезді кісілер болса керек. Оны жеңгелері бұзық деген жерін көздерінше тайсалып өңін айналдырып, салт-дәстүрді сақтап есімдерін бұрмалап
Қостанайдан келеді Шүлей, Шыжық,
Жүрген жері, ойын-сауық, күнде қызық, – деп айтады екен.
Сүлей де, Сыздық та қыпшақ руынан, Көбес аталығынан тарайды. Көбес атауы Алаштың ардақтысы Мұстафа Шоқайдың «Рулар хақында» мақаласында кездеседі. Сүлей қоғам қайраткері, Білалдың әкесі, Фатима ханымның ең алғашқы жары. Сүлей де, баласы Білал да халық жауы ретінде 1928-1929 жылдар шамасында ұсталып кетіп, қайтып оралмаған. Солардың бір-екі дерегін келтіре кетейін. Қызылорданың 180 жылдығына 1999 жылы шыққан Б.Досмамбетов пен М.Кереев еңбектерінде Сыр өңірінен 18 мың сомның шикізаты жылына әкетіліп жоғарыдағы көрсеткіштен көптеген сомға артық болатын тауарлар әкелінген. Жылына 20 мың бас қой, кем дегенде 100 пұт жүн-тері және қыс айларында кептірілген балық жібергені айтылады.
Бабаларымыз Шығыстан Қытай империясынан бастау алып, Батыста Рим империясынан аяқталып, көне Ұлы Жібек жолын қайта жаңғыртып, Шанхай және Шымбай сауда-саттық жолы деп, Керуен сарай арқылы басқарылып, Қазақстанның түкпір-түкпіріне және Өзбекстан аймағын Ресей тауарларымен қамтамасыз еткен. Шанхай сауда-саттық жолы Орынбордағы Керуен сарайдан Ресей өндіріс заттарын әсіресе самаурын, қазан, шалғы, орақ, балта, кесе, шәйнек, шоқ арқылы қыздыратын үтік және ұн, қант, шәй, матаны керуен арқылы Аралға жинақтап, күнделікті параходқа тиеп, Перовскі портына жеткізіп, Керуен сарайдан реттестірген. Дарияның батыс жақ беті Аламесекке, дарияның шығыс жақ беті Саудақұл елді мекеніне бөліп жіберіп отырған. Бұл елді мекендерінде керуен жүктерін сақтайтын дүкендер мен керуен түйелерін бағатын арнайы орындар болған. Дарияның батыс жақ бетін Шымбай сауда-саттық жолы, Аламесектен шыққан керуен томар өткелден өтіп Мұңайтпасты жағалап, Бұғар төбе құмына аялдайды. Томар өткел атауы екі жағын сексеуіл томарымен қалаған. Ал Бұхар төбе құмы атауы, Бұқара керуеншілер жиналатын орын болған. Одан әрі Көксеңір Қызылдың ішімен үрмені басып өтіп Зекетке аялдайды. Зекет атауы сол кездегі алым-салық жинайтын орын. Шымбайға әрі қарай Бұхара Хорезмге жалғасқан Шанхай сауда-саттық жолы Керуен сарайдан қазіргі Ұлы Жібек жолы даңғылымен Белкөлден асып өтіп, Бөрібай қыстауымен паромды жағалап, Саудақұлға барады. Бұл дарияның жағасы паромға жақын. Керуеншілердің жиналатын тұрағы осы жерде болған. Бұл жердегі арнайы жол Оспан көпіріне керуеншілерге арнайы салынған. Одан әрі Сәдір сарайы. Осы жерде керуеншілердің тоғысатын жері Түркістан әрі қарай Оңтүстік облыстарға, Ташкентке дейін барған жалғыз жол арқылы Қостанайға қарай керуеншілер жалғастырып отырған. Осының барлығы өлкеміздің тарихи атаулары бәрі бір-бірімен байланысты болғандығын айғақтайды. Қай тарихи атауымызды алсақ та, олар ұлттық мүддеге қызмет еткені көрініп тұр. Қазан төңкерісіне дейін үш жүздің басын қосқан Керуен сарай ынтымағы мен бірлігі жарасып еңбек еткені және бір ғана сауда-саттықпен шектелмей, елімізге қатысты маңызды шешімдер шығарған жер. Әрине, мұндай тарихи құндылығымызды сақтап, оны келер ұрпаққа сол қалпында жеткізе білу біздің азаматтық борышымыз саналатыны айтпасақ та түсінікті.
Нұрғали ҚАРТАБАЕВ