Қызылорда қаласының мерейтойына орай қалалық мәдени-демалыс паркінің жаңа тұжырымдамасы бекітіліп, биылғы маусымнан бастап саябақ «Шылымсыз аймақ» «Ішімдіксіз аймақ» идеясымен жұмысын бастап кетті.
Саябақ аумағында «Ана мен бала» бөлмелері, «Полиция бекеті», «Медпункт», «Этноауыл», «Анықтама бюросы» пайда болды. Мәдени-көпшілік шараларды өткізу үшін сахна қайта жасалды. Жеті жылдан бері істен шығып тұрған «Колесо обозрения» биыл қайта жасалып, іске қосылды.
Қазіргі таңда саябақта 80 кәсіпкер халыққа қызмет көрсетуде. Бұдан бөлек, парк жанынан хайуанаттар бағы ашылып, өз жұмысын жасап жатыр. Бүгінгі жазбам сол хайуанаттар бағы туралы болмақ.
Хайуанаттар бағында өзге құрылықтан әкелінген аң-құс жоқ, жергілікті табиғатқа бейімделгендер. Қазіргі кезде бұл жерде құстар мен жануарлардың бірнеше түрі бар.
Бұл бақтың бір ерекшелігі – мұндағы жануарларға қарап қана қоймай, тамақтандырып, сипап, қолға ұстап көруге де болады. Барлығы хайуанаттар бағы қызметкерлерінің бақылауында болғандықтан қауіпсіз. Бүркіт, тауықтың балапандары, аппақ үй қояндары балаларға өте қызық. Бақтың алдына жиналған кішкентай балалардың зор қызығушылығын байқауға болады.
Әйнек қоршауда тұрған сары жыланға да таңданып қарайсын. Төр жақтағы қоршауда екі тауыс орналасқан. Ашылғанына көп уақыт бола қоймаса да, бұл жерге келушілер көп. Ата-аналар балаларымен мұнда жиі келетінін байқадым. Қазір бұл жерде аталған хайуанаттардан бөлек тотықұс, тасбақа, лақ, терісі бағалы тышқан тұқымдас - шиншалла бар. 20 маусымға дейін бұл бақта қонақта Марта есімді аю мен Конор есімді жолбарыс болды. Хайуанаттарды арпа, бидай, күнжара, жүгері сынды қарапайым тағамдармен азықтандырады.
Хайуанаттар бағы ветеринар дәрігердің үнемі бақылауында. Кіру бағасы, үлкендерге – 400 теңге, балаларға (1 жастан 18 жасқа дейін) – 300 теңге. Зейнеткерлерге 50% жеңілдік бар екен. Айта кетерлігі, хайуанаттар бағын жергілікті кәсіпкерлердің бірі өз қаржысына ашқан. Мұндай іс Сыр өңірінде тұңғыш мәрте қолға алынып отыр.