«Өрлеу» педагогикалық қызметшілердің біліктілігін арттыру институтының мәжіліс залында «Ынтымағы жарасқан туған өлкем» атты облыстық байқау болып өтті. Оны Қазақстан халқы Қызылорда облыстық ассамблея хатшылығы мен «Қоғамдық келісім» КММ-ң қолдауымен Қызылорда облыстық ішкі саясат басқармасы, «Ұшқыр Жебе» қоғамдық қорының ұйымдастырды.
Байқау Қазақстан халқы Ассамблеясының «Мың бала» жобасы аясында өткізілуде. Байқауға Қызылорда қаласы мен аудандардан іріктеу турларынан өткен этникалық топтардың 14-16 жас аралығындағы мектеп оқушылары қатысты.Байқау екі тапсырмадан тұрды, Қазақстан халқының бірлігіне арналған эссе жазу және Қазақстан халқының бірлігіне арналған өлеңді мәнерлеп оқу.
Байқаудың басты мақсаты этникалық топтардың мектеп оқушыларына мемлекеттік тілді меңгеру, қазақтың тарихы мен мәдениетін, салт-дәстүрлерін бойына сіңіру, қоғамдық келісім мен қазақстандық патриотизмді нығайту факторы ретінде мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру.
Конкурс нәтижесі бойынша бірінші орынды Жаңақорған ауданының №169 мектебінің оқушысы Жанат Шакирова, екінші орынды Сырдария ауданының №36 мектебінің оқушысы Мария Лаврова және үшінші орынды Жаңақорған ауданының №53 мектебінің оқушысы Алина Бақтиярова иемденді. Барлық жеңімпаздарға дипломдар мен сыйлықтар табыс етілді.