Арал ауданының әкімі Абзал Мұхимовтың бастамасымен өткен оқу жылынан бері аудан мұғалімдерінің арасында пән олимпиадасын ұйымдастыру қолға алынды. Бұл жөнінде аудан әкімдігі баспасөз қызметі хабарлады.
Былтыр математика пәні мұғалімдерінің тұңғыш олимпиадасы өткізілсе, биыл бұл бастама Қазақ хандығының 550 жылдығы аясында тарих пәні мұғалімдерінің арасында жалғасты. Қамбаштағы балаларды сауықтыру және қосымша білім беру орталығында өткен Ұстаздар балының мерекелік кешінде олимпиада жеңімпаздары марапатталды. І орынды №57 Шижаға орта мектебінің мұғалімі Әбішева Іңкәр Жұмаханқызы иеленіп, олимпиадаға демеушілік жасаған кәсіпкер Т.Бисембаев автокөлік кілтін табыстады. ІІ орынды №59 Қарақұм орта мектебінің мұғалімі Әйтімов Жетес Иманбайұлы жеңіп алды. Ал, ІІІ орынға №20 мектептің мұғалімі Жұбаева Сәндігүл ие болды. Жеңімпаздарға қомақты сыйақы табыс етілді. Бұдан өзге 5 мұғалім арнайы дипломмен марапатталды.