Бүгін Жаңақорған ауданындағы «Ордакент» ардагерлер, жастар ресурстық орталығында өңір ардагерлерінің алқалы жиыны өтті.
Ардагерлердің аудандық конференциясында үш мәселе қаралды. Олар: аудандық ардагерлер кеңесінің 2013-2015 жылдары атқарған жұмыс есебі, ардагерлер кеңесінің жаңа құрамын сайлау және облыстық ардагерлер конференциясына делегаттар ұсыну.
Алғашқы кезекте аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы З.Шермағамбетов 3 жылда атқарған ілкімді жұмыстар есебін баяндады. Бірқатар жемісті жетістіктермен қатар сын ескертпелерде назардан тыс қалмады.
Өз кезегінде аудан әкімі Р.Рүстемов қарттарға құрметінің жоғары екенін сөз етті. Жас буын мен аға буынның арасында ұрпақ сабақтастығы арта түссе ғана елдіктің нығаятынын тілге тиек еткен аудан әкімі қарттарға деген қамқорлық қашанда алғашқы орында екенін жеткізді. Сондай-ақ жақында ғана аудандық бюджеттен қаржы қарастылырып, 35 ардагерге шипажайға жолдама берілгенін айтты.
Конференция барысында қатысушылар тарапынан пайымды ой-пікір ортаға салынып, кеңестің 3 жылдық жұмысына жақсы деген бағаларын берді. Соңыра, ардагерлер кеңесінің құрамы бұрынғы қалпында қалып, облыстық конференцияға делегаттар сайланды.