Арал аудандық Мәдениет орталығында Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай «Мәңгілік елдің – мәңгілік мұрасы» атты облыстық жыршы-термешілердің байқауы өтті.
Арнайы жыр сүлейлерінің басын қосқан байқауда аудан әкімінің орынбасары Ж.Әлішева баршаны Тәуелсіздіктің мерейлі мерейтойымен құттықтап, «Облыстық шараның басты мақсаты – Тәуелсіздік құндылықтарын, еліміздің тарихи жетістіктерін ұлықтау болатын», – деп атап өтті.
Тәуелсіздіктің 25 жылдығын көпшілікке кеңінен тарату, ұлттық тәрбие мен халықтық өнерді, ұлттық ерекшеліктерді насихаттау, тіл мәдениетін дамытуға бағытталған байқау екі тақырып аясында ұйымдастырылып, сайыс жас ерекшелігіне қарай қорытындыланды. Осылайша, үлкен топ бойынша бас жүлдеге Қызылордалық Махамбетжанов Мейірімжан қол жеткізсе, 1-орынды Қармақшылық Әбілбекова Нұрпатшайым, 2-орынға жерлесіміз Орынбасаров Бексұлтан және Жаңақорған түлегі Аружан Әбілтай, 3-орынға Қызылордалық Айдос Тұрар ие болды.
Кіші топ бойынша айта кетсек, бас жүлде жерлесіміз Кеңесұлы Әлиге бұйырды. Ал, Шиелі ауданының өнерпазы Ташмұхаммед Дилназ 1-орыннан көрінсе, 2-орынды Қармақшылық Алтынбек Айқын, 3-орынды ауданымыздың түлегі Октябрьұлы Шадияр және Сырдан келген Құдайбергенова Бағила иемденді.