Facebook WhatsApp Instagram

Мәдениет

0

Көне тарихтың куәсі

«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы руханият әлемінің көкжиегін кеңейтіп, мәдени мұралардың маңыздылығын айқындай түсті. Әрі «Туған жер» бағдарламасы аясында бірқатар жобаларды жүзеге асыру керектігін мәлімдеген болатын. Яғни, оның қатарында «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» бар. 
Бұл тізімге Сыр өңірінен Сығанақ шаһараның енгені белгілі. Тамырын тереңнен тартқан құтты орданың ықылым заманнан және орта ғасырлық қалалардың саяси-экономикалық маңызы зор болғаны ақиқат. Оның ішінде көне Сығанақтың орны айрықша. Себебі, Қазақ хандығының алғашқы астанасы болған осы шаһар. Қаншама жылдан бері сабалаған жаңбырдың астында, уілдеген желдің өтінде орналасқан сонау орта ғасырлардан сыр тартқан Сығанақтың тарих қойнауында бұғып жатқан мәдени мұралары баршылық.
Осы тұста, көне мен бүгінгінің айшықты тұстарын жаңғыртып, олардан белгі болып қалған жәдігерлердің иесі іспеттес аудандық тарихи-өлкетану музейінің маңызы зор. Себебі, ол – әр дәуірдегі мәдениетті сақтаушы, насихаттаушы бірден-бір рухани орда. Қазіргі таңда музей қорында аудан көлеміндегі тарихи орындардан табылған археология саласы бойынша 500-ден астам экспонаттар бар. Соның ішінде көне Сығанақтан табылған керамикалық ыдыстар мен қабырға қаптамасының сынықтары көздің қарашығындай сақтаулы.
Көне тарихтың куәсі болған жәдігерлер жөнінде аудандық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми әдіскері Құралай Дәрменнен білдік.
– Өздеріңізге белгілі, 2003 жылдан бастап Қ.Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Сайден Жолдасбаевтың басқаруымен көне Сығанақ шаһарында тәжірибелік-зерттеу жұмысы жүргізіліп келеді. Сығанақ қаласынан археологиялық қазба жұмыстарында табылған жәдігерлердің көпшілігі керамика – саздан жасалған ыдыстар. Соның бірі біздің музейдің төрінен орын тепкен үлкен көлемді ыдыс – Хум. Яғни, көзе. Бұл – дәнді дақыл, астық және сұйықтықтарды сақтайтын, қысқа мойынды, ернеуі қалың, шанағы жұмыртқа тәрізді ыдыс, – дейді ғылыми әдіскер Құралай Мақұлбекқызы.
Сондай-ақ табылған құнды дүниенің қата­рында ташнау бар. Ташнау – орта ғасырларда суды сыртқа шығаратын канализацияның бір түрі. Музейде тұрған ташнаудың көлемі шағын. Жұмыртқа тәріздес бұйымның асты ойық. Ол – қазан-ошақтың басында тұратын болған. Қалдық сулар мен артық сұйықтықтарды сол арқылы ағызып жіберетін болған. Оған қоса, ташнаумен қатар орналасқан құнды жәдігердің бірі – қыштан жасалған құмыра. Бұл сұйық ас және су құятын ыдыс болған. Оған қоса, сан ғасырдан сақталған бұйымдар қатарында көне қаптамалар мен күйдірілген кірпіштер бар. Әрине, мұның бәрі тарихтан білетініміздей, XV-XVIII ғасырларда қала бұрынғысынша сауда және қолөнер орталығы болғандығының айғағы.
– Негізінен Сығанақ қаласынан археологиялық қазба жұмыстарында табылған жәдігерлер мен құнды заттар осы қазба жұмысын жүргізген археологтардың қолында. Ал, бір бөлігі Қызылорда облыстық өлкетану мұражайына табысталған. Бүгінгі таңда зерттеу жұмысы әлі жалғасып жатыр. Алдағы уақытта да көне шаһар көмбесінен құнды дүниелер шығады деген сенім мол, – деді Құралай Дәрмен.
Иә, тарихқа көз жүгіртсек, Сығанаққа зерттеу жұмысын жүргізген бір топ ғалымдар легін айтуға болады. Мәселен, 1892 жылы Е.Смирнов, 1899 жылы В. Каллаур, 1906 жылы И.А. Кастанье осы қалаға арнайы келіп, ғылыми зерттеу жүргізген. Ал, 1927 жылы Ресей Академиясының жанындағы материалдық мәдениет институтының тапсырмасы бойынша Сығанақ қаласын А.Якубовский археологиялық қазба жұмысын жүргізіп, тыңғылықты қарап шығады. Ол қаланың топографиялық жағына көңіл бөліп, Сығанақ қаласында орын тепкен бірқатар ғимараттардың суретін түсіріп алады. Сондай-ақ 1947 жылы А.Бернштам, 1950-жылдары Е.Агеева мен Г.Пацевичтер археологиялық барлау жұмыстарын жүргізген. Оған қоса, 1970-ші жылдары өзіміздің отандық ғалымдар, Отырар археологиялық экспедидциясының меңгерушісі К.Ақышев пен К.Байпаков зерттеу жүргізіп, бұл қала ортағасырлық қалалардың ішінде Отырар қаласынан кейінгі атақты екінші қала деген нақты анықтама берген.
Осындай қатпарлы тарихты жаңғыртып, жас ұрпаққа құнды мұралар мен жәдігерлер арқылы патриоттық тәрбие беруде музейдің маңызы орасан. Өйткені, тұтас бір ұлт руханиятының келбетін, ғасырлар шежіресін жан-жақты зерттеп, дәріптейтін құтты мекен екені даусыз. Тарихи-өлкетану музейі әлі талай жерде көміліп жатқан тарихын тірілтіп, оны сақтап, ел арасында насихаттай берері айқын.
Түйіндей айтқанда, Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында «егер жаңғыру елдің ұлттық рухани тамырынан нәр алмаса, ол адасуға бастайды» деген пайымы ел ертеңіне алаңдаған әрбір азаматтың көкейінде болуы керек.

Әбдісамат ӘБДІШ.
Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: