Facebook WhatsApp Instagram

Қоғам

0

Медицина ардагерлері Президент атына алғыс хат жолдады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ел бірлігін нығайту мен Тәуелсіз Отанымыздың өсіп-өркендеуіне бағытталған әрбір бастамасын Сыр жұртшылығы ерекше ықыласпен қолдайды. Аймақтағы іргелі істер мен жарқын жобалардың жүзеге асуында Президенттің қолдауы зор. Бұл бүгінгі Қызылорда облысының дамуынан анық байқалады. 


Мемлекет басшысы өңірге сапарында оң бағасын беріп, «Облыс жалпы жақсы дамып келе жатыр. Қарқын жоғары» - деді. Бұл аймақ халқының мерейін өсіріп, ертеңге деген сенімін нықтай түсті. Соның ішінде медицина саласының аға буын өкілдері де бірлігі жарасқан Сыр халқының шынайы алғыс-ниетін білдіріп, Президент атына алғыс хат жолдады. 
«Адамзат үшін ең маңызды құндылық, бірінші байлық – денсаулық екендігін  ескерсек, мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық саясатының негізгі көрсеткіштерінің бірі – халық денсаулығы.  
Осы орайда, Сіз өзіңіздің "Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі" атты халыққа Жолдауыңызда денсаулық сақтау саласын дамытуға ерекше мән бердіңіз. «Пандемия туындатқан дағдарыс бізді көп нәрсеге үйретті. Мәселен, дәрігердің еңбегін бағалай білетін болдық» дей келе, ақ халатты абзал жандарды қолдаудың жаңа тетіктерін айқындауды тапсырған едіңіз. 
Сіздің тапсырмаңызбен қазіргі таңда денсаулық сақтау саласы қызметкерлеріне жан-жақты қолдау жасалуда, оларға тұрақты түрде материалдық, рухани қамқорлық  көрсетіліп келеді. 
Біз, сала ардагерлері – бүкіл саналы ғұмырымызды денсаулық сақтау саласына арнап, өзімізге жүктелген жауапкершілікті терең түсініп, бар біліміміз бен тәжірибемізді, қажыр-қайратымызды халықтың амандығы жолына жұмсап келеміз. Сіз осы ерен еңбегімізді сезіне, түсіне біліп, сала қызметкерлерін қолдаудың үздік үлгісін көрсетудесіз. 
Атап айтар болсақ, медицина қызметкерлерінің кәсіби жауапкершілігін сақтандыруға бағытталған Заңды қабылдадыңыз, бүгінгі күні олардың қызмет барысындағы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған Заңға қол қойдыңыз. Егеменділігіміздің нышаны ретінде «Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері» атағын қалпына келтірдіңіз. Өз кезегінде бұл тың бастамаларыңыз дәрігерлер мен медицина қызметкерлерінің мәртебесін көтеріп, қоғамның біртұтастығын қамтамасыз етуге ықпал ететіні анық.
Осындай қолдаудың игілігін көріп жатқан аймақ дәрігерлері, орта, кіші буынды медицина қызметкерлері Сізге дән риза! Өздеріне деген қамқорлықтың жалғаса береріне сенімдері мол және алдағы уақытта халық денсаулығы үшін аянбай қызмет ететін болады. 
Алаштың анасы атанған Сыр елінің медицина ардагерлерінің Сізге деген ыстық ықыласы мен ризашылығын қабыл алыңыз!»делінген хатта.
Медицина саласының ардагерлері тарапынан жолданған хатта Қазақ ССР еңбек сіңірген дәрігері, «Денсаулық сақтау саласының үздіктері», «Шапағат» медалінің, «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегерлері және облыс пен Қызылорда қаласының құрметті азаматтары бар.
Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: