Қызылордада жазушы, драматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық Айтматов академиясының академигі Рахымжан Отарбаевтың «Нарком Жүргенов» атты тарихи драмасы сахналанды.
«Нарком Жүргеновтің» қойылымына пьеса авторы Р.Отарбаев арнайы келіп қатысты. Рақымжан Отарбаев осыған дейін де «Бейбарыс сұлтан», «Сырым батыр», «Жәңгір хан», «Мұстафа Шоқай» сынды тарихи драмалар жазып, ол туындылар бірқатар облыс театрларында сахналанып, лайықты бағасын алды. Солар секілді «Нарком Жүргенов» те көрермені көп қойылым болары сөзсіз. Жазықсыз ату жазасына қиылған Темірбек Жүргенов туралы пьесаның 31 мамыр қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні сахналануы ұрпақтарының Жүргеновке жасаған тағзымы.
Қазақ руханиятының өшпес шырағы Темірбек Жүргеновтің қилы тағдырын зерттеп, оның мұрасын насихаттау танымымызды биіктетіп, мерейімізді өсіретін өрісті бастама болмақ. Бүгінгі қойылым осы мақсаттағы берекелі белестің бірі.
Р.Отарбаевтың Сыр еліне сапары аясында облыс әкімі Қырымбек Көшербаев жазушымен кездесіп, алмағайып заманның арпалысын бастан кеше жүріп руханият көшін түзеген Темірбек Жүргенов туралы жазылған туындысы үшін Сыр жұртшылығы атынан алғыс айтты. Сонымен қатар, аймақ басшысы Рахымжан Отарбаевты 60 жасқа толған мерейтойымен құттықтап, Қызылорда облысының Құрмет грамотасын табыстап, сый-сияпатын көрсетті.
- Сіздің шығармашылығыңыз бүкіл қазаққа ортақ әдеби мұраның ажырамас бөлігіне айналды, соның ішінде біз – Сыр бойылықтар Сізге Алаш көсемі Мұстафа Шоқай мен қазақтың мәдениеті мен біліміне айрықша үлес қосқан қайраткер Темірбек Жүргеновтің тұлғасына арналған шығармаларыңыз үшін ерекше ризамыз, - деді облыс әкімі Қырымбек Көшербаев.