Facebook WhatsApp Instagram

Мәдениет

0

ҚЫЗЫЛОРДА ҚАЛАСЫНЫҢ 200 ЖЫЛДЫҚ МЕРЕЙТОЙЫ ТОЙЛАНУДА


Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев қызылордалықтарды 200 жылдық мерейтоймен құттықтап хат жолдады.
27 қыркүйек – 10 қазан аралығында Сыр жұртшылығы Қызылорда қаласының 200 жылдық мерейтойын атап өтеді. 28 қыркүйек күні аймақта ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова мен облыс әкімі Қырымбек Көшербаев, Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев, академик Асқар Жұмаділдаев, ҚР Елтаңбасының авторы Жандарбек Мәлібеков, сондай-ақ, Сыр өңірінен шыққан танымал тұлғалардың қатысуымен мерекелік іс-шаралар өтті.
«Сыр сүлейлері» аллеясынан бастау алған мерекелік шаралар легі тұрғындарға ұлттық тағам түрлерінен дәм татқызған «Қауын-қарбыз», «Қымыз-шұбат» және «Бауырсақ» дәстүрлі фестивальдері, сондай-ақ, қолөнер бұйымдарының көрмесі, ұлттық спорт түрлерінен сайыстар, ұлттық-этнографиялық концерт ұйымдастырылды. Сонымен қатар, киіз үй қалашығында Елорданың 20 жылдығына арналған көрме мен сол жағалаудың даму жоспары, құрылысының үлгілері және макеттері, Ы.Жақаев атындағы ғылыми-зерттеу орталығы жайлы мәліметтермен таныстырылды.
Сондай-ақ, Сырдарияның сол жағалауынан пайдалануға берілетін алғашқы нысан – «Рухани жаңғыру» орталығы мен қалалық мұражай ғимаратының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Бұл нысан 1925 жылы ұлттың ресми «қазақ» аталуы туралы тарихи шешім қабылданған Қазақ Орталық Атқару Комитетінің сызба-нұсқасы негізінде салынған.
Ал, Н.Бекежанов атындағы драма театрында өткен салтанатты шарада ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова қызылордалықтарды мерейтоймен құттықтап, аймақтың әлеуметтік-мәдени дамуындағы жетістіктерін атап өтті. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың Қызылорда қаласының 200 жылдық мерейтойымен құттықтауын жеткізді.
Өз кезегінде, аймақ басшысы Қ.Көшербаев облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баяндады.
«Жаңа қала - сол жағалаудан инвесторлардың қаржысы есебінен салынып жатқан 16 көпқабатты тұрғын үйдің, 320 орындық балабақша мен «Болашақ» университеті кампусы және жастар ресурстық орталығының жыл соңына дейін пайдалануға берілуі қала тұрғындары үшін негізгі мерейтойлық тарту болмақшы. Бүгін біз ұлтымыздың ресми «қазақ» аталуы туралы тарихи шешім қабылданған Қазақ Орталық Атқару Комитетінің сызба-нұсқасымен салынған сол жағалаудағы алғашқы нысанның салтанатты ашылу рәсімін өткізіп отырмыз»,-деді аймақ басшысы.
Салтанатты шарада ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова, Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев, мемлекет және қоғам қайраткері Виталий Брынкин, академик Асқар Жұмаділдаев, ҰҒА академигі Сұлтан Сартаев, ақын, Мемлекеттік премия лауреаты Иранбек Оразбаев және ҚР Елтаңбасының авторы, «Құрмет» орденінің кавалері Жандарбек Мәлібеков Қызылорда қаласының 200 жылдығы мерейтойлық медалімен марапатталды.
Салтанатты шара орталық алаңда Қайрат Нұртас, Төреғали Төрәлі, Мадина Сәдуақасова, Серік Ибрагимов т.б қазақ эстрадасы жұлдыздарының қатысуымен өткен гала-концертпен жалғасты.
29 қыркүйек күні аудандардың ауылшаруашылық өнімдері жәрмеңкесі, ат спортының сайыстары мен қазақша күрестен түрнир өтеді. Қала күніне орай қайырымдылық акциялары, концерттер мен басқа да мәдени-көпшілік шаралар ұйымдастырылатын болады.
Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: