ХVIII-XIX ғасырларда Сырдың өн бойын Қоқан, Хиуа хандығы билегені тарихтан белгілі. Осы елді мекендерді билеп, алым-салық алып, оны орталыққа жіберіп тұру үшін қорған, бекіністер салып, әскер жасақтаған. Сырдың Ақмешіт қамалынан төменгі ағысында орналасқан Қараөзек дария бойын мекен еткен кешегі Жоңғар шапқыншылығынан тоз-тоз болып, туған жерінен безіп осында бас сауғалап келген халықтар Қоқан бектерінің озбыр әкімдерінің қорлығына қарсы бас көтеруге шамасы жоқ, төзбеске амалы тағы жоқ еді.
Бүгіндері ұмытыла бастаған Асқар Тоқмағанбетов атындағы шаруашылықтың құрамына енетін «Қарабауыр», «Маймақ» атты жер атауы бар. Ол Сырдария өзенінің оң жақ бетінде «Әйтек» су жүйесінің төменгі жағы теміржол бойындағы №8 аялдамасының тұсында орналасқан. Көнекөз, құймақұлақ зерделі қариялар бұл жердің «Маймақ» аталуын сонау Қоқан бектерінің осы елді билеп тұрған кезімен байланыстырады. Бұған себепші болған ел мүддесі мен бостандығы үшін Қоқан бектерімен күрескен, елінің құрметіне бөленген Шөңірек Ботайұлы еді. Ол күшіне ақылы сай, қапсағай денелі, шалт қимылды, жауына атойлап шапқанда долы мінезімен қарсыласының мысын басып тұратын батыр болған. Шөңірек батыр бес қаруды жетік меңгерген. Өзгеге қиянаты жоқ, соқтыққанға аяусыз болған.
Шөңірек негізінен Қоқан бектерінің ел ішіндегі әділетсіз билігіне, шамадан тыс алым-салығына қарсы тұрып, олардың ел билеудегі әрекетіне қолынан келгенінше нұқсан келтірумен болады. Бек қызметшілері Шөңіректің бұл әрекетіне төзе алмай, оған қауіп төндірген. Кектенген бек әкімдерді оған қарсы ел ішіндегі өз ағайындарының ішіндегі жеке басының қамы үшін неден болса да тайынбайтындарын жұмсап, қолға түсіріп беруді тапсырады. Билік айтса шұлғи іске кірісетін батырдың өз ағайындары ретін тауып, аңғал батырды алдап қолға түсіреді. Бек қызметшілерінен сүйінші сұрап, алып кету үшін хабаршы жібереді. Тұтқындағы Шөңірек батырды бектердің атақтысы Маймақ келіп, жеке атқа аяқ-қолын матап байлап, Зортөбеден Ақмешіт қорғанына қарай алып шығады. Зортөбе кезінде үлкен елді мекен болған. Бүгінгі Асқар ауылының Қараөзек дариясының маңында орналасқан.
Ол кез дарияның шалқып ағып жатқан кезі. Айнала үлкен көлдер болғандықтан биік арқаштардың үстімен қуалай жүрген аттылардың іштей ойлап келе жатқан өз ой-арманы: бірі тұтқынды аман-есен тапсыру, атақ-абыройға кенелу болса, тұтқынның бар ойы осыдан қалай да аман-есен құтылу.
Аяқ-қолы байлаулы батырға неше түрлі ойлар келіп, құтылу жолында небір амал-айла ойластырады. Батыр осы күйге түсірген өз ағайындарына деген реніш-күйінішін мына бір шумақпен өрген екен.
Сәрсенбі – сәтті күні міндім атқа.
Тілдіріп күдеріден қылдым тартпа,
Аузынан бірлігі кеткен ағайын-ай
Жем қылдың аузы түкті қара сартқа.
Сонымен бірі тұтқын, бірі еркіндікте екі батыр жол үстінде ары-тұра сөйлесіп келе жатып, жоғарыда атап өткен «Маймақ» деген жерге келген кезде Шөңірек батыр Маймаққа тіл қатып: «Ей, батыр, дәрет сындыруға мұрсат бер?» деп өтініш жасайды. Маймақ «Қолы байлаулы не қорқыныш бар» деген оймен атының басын тежеп, тұтқынның бір- біріне матаулы екі аяғын шеше бергенде Шөңірек желке тұстан тістей Маймақпен бірге құлайды. Батырға да жан керек, желкеден қадалған өткір тістен босануға, ал тұтқын қалай да осы жерден айырылмауға күш салып, екеуі де жан алысып, жан берісіп қанша уақыт өткенін кім білсін, қансыраған Маймақ ақыры құлайды. Осылайша, тұтқыннан босанған Шөңірек Сырдарияның арғы бетіне малтып шығып, бұл елде енді қалудың қауіптілігіне көзі жеткен соң шамалы уақыт дария бойын паналайды. Елден астыртын хабар біліп «Маймақты Шөңірек өлтіріп кетіпті» деген хабар елді дүрліктіргенін, өзінің жанашырларының бұл іске қуанып, опасыздық танытқандар үрейленіп жатқанының хабарын естиді. Бұл жер қауіпті екенін сезген батыр Қарақалпақ еліне кетуге мәжбүр болады. Бірнеше жылдар бойы сол елде бой тасалай жүріп, ел халқының егін салып, бау-бақшамен айналысқанын көріп, суару жүйесімен танысады. Елге келсе іске асыруды ойлайды.
Содан бері қанша уақыт өтсе де осы жер атауы «Маймақ» деп атылып кеткен.
Шөңірек өмірінің соңғы жылдарын сол жақта өткізген. Ағайындарының сатқындығы үшін көңілі қалған батыр өзін олардан жырақ ұстап жалғыз өмір сүрген. Сондықтан болса керек тұрмысы өте жұпыны, кедейшіліктің зардабын көріпті. Қазіргі таңда ол кісінің нақты қабірінің орны белгісіз.
Егіншілікті кәсіп еткені жайлы аудан, облыс көлемінде танымал ақын Сейтмұрат Ембергенов ақсақалдың 2004 жылы жарыққа шыққан «Тағылым» атты кітабында берілген. Кітаптың «Батырлар бірін-бірі бағалай білген» деген бөлімінде ел қорғанышы бола білген Бұқарбай батыр мен Шөңірек батырдың достығы сөз етіледі.
Бірде Бұқарбай бастаған топпен Шөңірек Зортөбенің маңында айсыз қараңғы түнде кездесіп қалса керек. Кім екендіктеріне мән бермеген, бір- біріне атойлап шабысып, Шөңірек қарсы топтың әлденеше жігітін аттан түсіріп, ығыстыра бастағанда Бұқарбай ұрандап алға ұмтылған. Сол кезде Шөңірек Бұқарбай дауысын танып, аттан түсе: «Уа, Бұқарбай аға сіз бе едіңіз, мен Қарақойлы Шөңірекпін» дейді. Екеуі де аттан түсіп, төс түйістіреді.
Сырттай таныс болғанымен, Бұқарбайды Шөңірек батыр ауылына әкеліп, қонақ етіп, ауылының тыныс- тіршілігімен таныстырады. Шөңіректің балық аулап, егін салып, отырықшылықпен елден көш ілгері екенін көрген Бұқарбай оның қыр-сырын үйретуге ауылына шақырады. Жалағаш ауылындағы осы күнгі Бұқарбай арығын қазу жұмысына осы Шөңіректің ықпалы тиген.
1865 жылдар шамасында Шөңіректің қайтыс болғанын Бұқарбай кеш естіп, асына өзі 18 үй тіктіріп, өткізіпті. Осахан Әбдіреев өз естелігінде екі батырдың достығы мен сыйластығын осылай көрсеткен екен.
Шөңірек батырдың өзі тұтынған қылышы Тереңөзек қыстағының тұрғыны Ембергенов Әбіласан шаңырағынан табылды. Ол қылышты қандай жолмен тапқаны белгісіз. Кезінде бұл қылышты өзі ұстауына заманы кедергі келтірген болуы мүмкін. Емберген ағасына аманатқа беріп кетсе керек. Өткен жылдары Бекайдардың ұлы Болат Алматыдан елге келгенде осы қылыштың хабарын естіп, Емберген келінінен «Әкем сіздерге аманаттап кеткен, сол аманатты беріңіз, алып кетемін» деген-ді.
Қылышты жергілікті шеберлер соққан. Қыны сыр талынан тілініп, сыртын шикі көнмен қаптап, қосылған жерін тарамыспен тігіп бекіткен. Ол батырдан қалған құнды мұра саналады.
Жәнібек МАХАНБЕТ,
өлкетанушы