Facebook VK WhatsApp Instagram

Мәдениет

0

АРАЛДА АҚЫНДАР АЙТЫСЫ ӨТТІ

АРАЛДА АҚЫНДАР АЙТЫСЫ ӨТТІ

 

Бүгін сайын даламызды сәнге, әзіз өлкемізді әнге бөлеген Тәуелсіздіктің 25 жылдық мерейтойына орай «Аралым деп күллі әлемге мақтанам» атты аудандық ақындардың дүбірлі сайысы өтті.
От ауызды, орақ тілді қайсар ақындардың жолын қуған Аралдық дарындардың басын қосқан бүгінгі айтыс «Нұр Отан» партиясының аудандық филиалының қолдауымен және аудандық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен өтті. 
Қазақ халқының асыл мұрасын жандарына жалау еткен бүгінгі ақындар сайысын «Нұр Отан» партиясының аудандық филиалының бірінші орынбасары А.Жоланов ашып берді.
Аудандық айтысқа қатысуға ниет білдірген сегіз ақын өзара жұптасып, айдынды Аралдың жетістіктерін жарыса жырлады.
Соның ішінде, көпшіліктің көңіліне дөп түскен Қойбағаров Алмат пен Ержанов Жасұланның, Орынбасаров Бексұлтан мен Қалқаманов Алдоңғардың айтысын осы додадағы сапалы айтыс қатарына жатқызуға болады. Елдің өткені мен кеткенін, бүгіні мен болашағын, жеткен жетістіктері мен асқан асуларын, көрген қиындықтары мен мұң-шерін небәрі жиырма минутта айтып шығу әрине мүмкін емес. Десек те, ақындарымыз аудан басшылығына келген жаңа әкімін, туған өлкенің жетістіктерін жырына қосып бақты.
Бірінші айналымды аяқтаған ақындар әділ қазылар шешімімен іріктеліп, екінші айналымға жолдама алып, жүлделі орын үшін бақ сынасты.
Дарынды ақындарды тауып, айтыс өнерін насихаттау, суырып салма төл өнерімізді шыңдау мақсатында ұйымдастырылған айтыста ақын Жұмабай Жақып пен Т.Дәрменов және А.Жоланов қазылық етті. 
Осылайша әділ қазылардың әділ ұйғарымымен бас жүлдені Райым ауылынан келген талантты Қойбағаров Алмат қанжығасына байлады. І орын, бұған дейін талай додаларда жүлделі орындарға ие болған Шөмішкөл ауылының 10-сынып оқушысы Орынбасаров Бексұлтанға бұйырса, ІІ орынды жас ақын Тоқабай елді мекенінің 9-сынып оқушысы Қалқаманов Алдоңғар иемденді. Ал, ІІІ орынға Арал қаласының ақыны Ержанов Жасұлан табан тіреді. Қатысушылардың барлығына да арнайы Алғыс хаттар мен бағалы сыйлықтар тапсырылды.
Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: