Қазалы ауданында Бекарыстан бидің 250 және Ақтан батыр Ақайұлының 245 жылдығын өткізуге мән берілді. Сол мерейтой аясында көптеген іс-шаралар өткізілуде.
Сондай иігілікті істің бірі Бекарыстан би ауылында да болды. Алдымен аудан әкімі Н.Шамұратов бастаған топ Асандар көтерілісінің құрбандарына арналып 2011 жылы қойылған ескерткішке аялдап, бабалар рухына құран бағыштады. Одан соң №24 мектеп жанынан ашылған тарихи-өлкетану мұражаймен танысты.
Би-батыр ауылындағы Тәуелсіздік алаңында орналасқан Бекарыстан бидің ескерткіш-бюсті жанында құран бағышталды. Одан соң алаңда салтанатты жиын өткізіліп, аудан әкімі Н.Шамұратов: «Егемен ел атанғалы 24 жылдың ішінден қазақ хандығының мерейтойы алғаш рет аталып өтпек. Сондықтан да бұл қазақ елі үшін тарихта қалатын ең маңызды мереке. Бүгінгі той – қатардағы көп тойлардың бірі емес. Бұл күн – біздің аталарымыздың сан ғасырғы армандарының жүзеге асып жатқан күні» - деп ауыл тұрғындарын бабалар тойымен құттықтады.
Сонымен қатар, мерейтойға келген арнайы қонақтар белгілі жырау Алмас Алматов, «Ана тілі» газетінің бас редакторының бірінші орынбасары Нұрперзент Домбай құттықтау сөз сөйледі. Жиналған жұртшылық жыршы-термешілердің өнерін тамашалап, астан дәм татты.