Арал ауданына қарасты Шижаға елді мекенінде мемлекет және қоғам қайраткері Елеу Көшербаев атындағы мұражай ашылды.
Салтанатты шараға қайраткердің ұлы – Айтбай Елеуұлы, Арал ауданы әкімінің орынбасары Жұмагүл Әлішева мен Е.Көшербаевтың көзін көрген бір топ ақсақал қатысты. Мұражайдың ашылу рәсімінде Арал ауданының құрметті азаматы Шәкірат Дәрмағанбетов Елеу атамыз туралы жылы лебізін білдіріп, оның ұлттық құндылықтарды, елге танымал бабалар есімін ардақтаудағы игі істері туралы айтып берді.
Айта кетейік, мұражайда қайраткердің өмірі мен еңбек жолына арналған 13 экспозиция бар. Онда Е.Көшербаевтың өмірімен, еңбектерімен және марапаттарымен толығырақ танысуға болады. Сонымен қатар, мұнда қоғам қайраткерінің өмірінен сыр шертетін фотосуреттер де қойылған. Ал мұражайдың кіреберісіне Елеу атамыздың бюст үлгісіндегі ескерткіші орнатылды.
Еске сала кетейік, Елеу Көшербаев – төрткүл әлемге танымал Қорқыт ата кешенін тұрғызуға ұйытқы болған тұлға. Ол ХХ ғасырдың 60-70 жылдары Қазалы, Сырдария аудандық партия комитеттерінің екінші хатшысы, Тереңөзек, Сырдария ауданының атқару комитеттерінің төрағасы, облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары болған. Сонымен қатар, 1975-91 жылдары Қармақшы, Қазалы аудандық партия комитеттерінің бірінші хатшысы қызметтерін атқарған. Көзі тірісінде Ленин, Октябрь революциясы, үш мәрте Еңбек Қызыл Ту ордендерімен және бірнеше медальдармен марапатталған. Қайраткердің Қармақшы, Қазалы аудандарының өмірінен сыр шертетін «Өндіріс ұйытқысы» және «Серпін» атты кітаптары бар.