Ұзатылатын қызға қыздың ата-анасы беретін мал және дүние-мүлік «жасау» деп аталады. Жасау әдетте, қалың-малмен шамалас болады. Ауқатты адамдар қызына үй тігіп береді. Тіпті, қалыңмалдан артық жасау жасап береді.
«Жасау» ауқатты адамдар жөнінен алғанда мынадай мал-мүліктерден тұрады:
1. Төсек-орын, киім-кешек, яғни, бір ақшаңқан киіз үй, бір жақсы төсек пен тағы бір құс төсек, 3-7 көрпе-жастық, бірнеше текемет, төр көрпе, сырмақ, от киіз, 5-6 алаша, 2 -3 кілем, ішік, шапан, көйлек-көншек әрқайсысы тоғыз-тоғыз немесе жеті-жеті, ең болмағанда үштен, бестен кем болмайды.
2. Құрап-жабдық, қару-жарақ. Оған: ер-тұрман, садақ, мылтық, найза, сауыт, қалқан, берен қылыш, қазан-ошақ, шыны-шәйнек, балта-шот, балға-төс, егеу-түрді, ине-жіп, ара, талыс, үскі-кескіш, біз, сыдырғы, бәкі-пышақ, т. б.
3. Ат-көлік және сауын-сойыс, яғни қызға мінгізген жорға мен күйеу жігітке мінгізген жүйрік ат және олардың сауын ішіп, сойып жеулеріне берген 3-4 сиыр, 20-30 ұсақ мал, сондай-ақ, артынып-тартынып көшулеріне бір-екі түйе қаталылар.
4. Қызға танысып барғанда және арнаулы берген туыс-туғандарының мал-дүниелері, яғни, мініс ат, сауын сиыр, сойысқа берген ұсақ малдары мен кілем, сырмақ, текемет, түрлі киім-кешек, білезік, сырға, алқа, жүзік, т. б.
Қызға «жасау» беру қазақ халқының қыздарын ерекше қастерлеуінің тағы бір белғісі, яғни қыз ата-анасының қызымыз жат жер, жат елге барғанда еш қиындық көрмей, мал-дүниеден тарықпай, жылап-сықтамай ел қатарлы жақсы күн көріп, тезірек еңсе көтеріп бай-бақытты тұрмыс кешірсін дегені әрі болашақ ұрпақтардың дүниеге төрт мүшесі сау, ес-ақылы дұрыс болып келіп, олардың ақаусыз өсіп-жетілуіне мүмкіндік жасағаны.
"Ағаш бесіктен жер бесікке дейін” кітабынан