Қызылорда облысы дін істері басқармасының ұйымдастыруымен 2025 жылғы 30-31 қазанда дін мәселері бойынша ақпараттық-түсіндіру тобы мүшелерінің біліктілігін арттыру бойынша оқыту семинары болып өтті.
Семинар Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Дін істері комитетінің «Дін мәселелері бойынша білікті мамандар даярлау» жобасы аясында «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КеАҚ қолдауымен «Рухани жаңғыру» қоғамдық қоры арқылы ұйымдастырылды.
Екі күндік шараға облыс көлемінде діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу бағытында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізетін Дін мәселелерін зерттеу орталығының, облыстық қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің теолог, психолог мамандары, жергілікті атқарушы органдардың, облыстық басқармалардың, Қызылорда қаласы және аудан әкімдіктерінің қызметкерлері, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына қарасты қалалық және аудандық мешіттердегі дін қызметкерлері қатысты.
Семинарда дін мәселелері бойынша түсіндіру тобының мүшелері Қызылорда облысы дін істері басқармасының бас маманы, өңірлік ақпараттық-түсіндіру тобының мүшесі Романқұлова Гүлсім Айтмаханқызы «Діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу бағытында ақпараттық-түсіндіру топтарымен жүргізілетін жұмыстар, тиімді тәсілдері мен жолдары» және «Шешендік өнер және тиімді сөйлеу дағдыларын қалыптастыру» тақырыптарында және риторика маманы, бизнес-тренер, психолог, коуч Аманбек Толқын «Тиімді коммуникация. Қақтығыстарды басқару. Эмоциялық интеллект» тақырыптарында семинар-тренинг өткізді.
Іс-шара барысында қатысушылармен қоғамда радикалды идеологиялардың алдын алуда ақпараттық-түсіндіру топтарының рөлі мен жұмыс әдістемелерін талқыланып, интернет кеңістігіндегі ақпараттық-түсіндіру жұмыстарына қойылатын міндеттер мен талаптар, шешендік өнердің негіздері, сенімді сөйлеу, аудиториямен байланыс орнату және ақпаратты әсерлі жеткізу тәсілдері қарастырылды. Психолог маман қатысушыларға ортамен қарым-қатынас орнату және қақтығыстарды басқаруға арналған пайдалы тәсілдерді ұсынып, тиімді нәтижеге қол жеткізудің жолдарын көрсетті, тиімді коммуникация төңірегінде жан-жақты ақпараттар берді.