Facebook WhatsApp Instagram

Мәдениет

0

ӘНІМЕН ӘЛЕУМЕТКЕ ТАНЫЛҒАН ТРАКТОРШЫ ЖІГІТ (ВИДЕО)

Соңғы екі-үш аптаның көлемінде «МузАрт» тобының орындауындағы әнді нақышына келтіре орындаған қызылордалық тракторист жігіттің видеожазбасы әлеуметтік желіні дүр сілкіндіріп, оның әп-сәтте-ақ ғаламтор жұлдызына айналғанынан хабардармыз. Республиканың түкпір-түкпірінен видеожазбаны тамашалаған әлеуметтік желі пайдаланушылары тума таланттың өнеріне тәнті болып, «Әп, бәрекелді!» десті. Осы орайда біз де даусының қоңыр, тазалығымен көптің ықыласына бөленген Асылжан Омаров жайында әңгімелей кеткенді жөн көрдік. Біз хабарласқанда Асылжан Астанада екен. Бұл сапарына да көпшіліктің қызығушылығын тудырған видео тікелей сеп болыпты.

ӘНІМЕН ӘЛЕУМЕТКЕ ТАНЫЛҒАН ТРАКТОРШЫ ЖІГІТ (ВИДЕО)

– Жақында бір қарындасымыз «Әйел бақыты» бағдарламасынан хабарласып тұрғанын айтып, телекөрсетілімге қонақ болуға шақырды. Әуелі таныстарымның бірі қалжыңдап тұрған болар деп сенбей, тұтқаны қоя салдым. Кейін журналист қыз мән-жәйдің бәрін ашып түсіндіргенімен, жол пұлды ойлап онша мойын бермеген едім. Ауыл адамының тұрмыс деңгейі  белгілі ғой. Содан ағайын мен дос-жаран мұндай мүмкіндіктің туа бермейтінін алға тартып, ақылдарын айтты. «Көп түкірсе – көл» деп керекті қаражатты да өздері жинап, қалтама салып берді. Осылайша ойда-жоқта бас қалаға келіп қалған жайымыз бар, – дейді 34 жастағы әнші жігіт бізбен әңгіме арасында.
Бұған дейін де Жаңақорған ауданындағы Түгіскен ауылының той-жиыны Асылжансыз өтпейді екен. Оның нағыз тыңдаушылары да сол ауылда. Бірнеше музыкалық аспапта қатар ойнап, жүрген жерін той-думан ететін өнерлі, ақкөңіл жігітті сыйлы қонағы бар шаңырақ өздері шақырып алатын көрінеді. Атқарған еңбегіне сай нәпақасын да алады. Себебі, қағазы жоқ Асылжан үшін отбасын асыраудың жалғыз жолы осы. «Жомарттың қолын жоқтық байлайды». Кезінде әке-шешесі болашақ әнші болғысы келетін баласын ел қатарлы оқытқысы келген көрінеді. Әйткенмен, қаржы жағы қолбайлау болыпты. Сөйтіп, дарынды бала ауылдан әрі аса алмай, бала кезгі арманының сағымға айналғанына кейде іштей қынжылатынын да жасырмайды.
– Менің музыканы есту қабілетім өте жоғары. Кез келген аспапты бір-екі қарап, тартып кете беремін. Домбыра, гитара, аккордеон, баян және Yamaha аспаптарын да сөйтіп өз бетімше үйрендім. Әйтпесе, үйірмеге жетектеп апарып үйреткен ешкім болмады. Отбасымда 4 қыз, 4 ұл өстік. Сегізімізде де музыкалық аспапты нотасыз тез меңгеріп кететін қасиет бар. Бірақ, ешқайсысымыз өнер жолында емеспіз. Бүгінде әрқайсысы әр саланың мамандары. Біздің музыкаға жақындығымыз әкемізден дарыған болу керек. Себебі, әкемнің де оңашада қос ішектің құлағын бұрап, әндететін өнері бар еді, – дейді Асылжан Омаров.    
Тоғыз жылдамдықты «Беларусь» аталатын темір техниканы ырқына көндірген ол бірнеше аспаптың да құлағында ойнап, жүрек пернесін дір еткізер қоңыр даусымен осылайша ел назарына ілінді. Асылжан осыдан бірнеше жыл бұрын әншілік жолға бет бұрғанымен онысы ұзаққа бармапты. 2005 жылы Алматыда құрылыс алаңында жұмыс жасап жүріп, тапқан-таянғанына Yamaha техникасын сатып алады. Жанындағы бір-екі баламен бірігіп, алып шаһардағы шағын кафеге музыкант болып орналасады. Сөйтіп жүріп, әйгілі әртіс Бауыржан Ибрагимовпен танысудың сәті түседі. Өнер адамының жанында жүріп, біраз нәрсе үйренуге мүмкіндік алады. Сол кісінің сүйемелдеуімен республика сарайында өткен «Наурыз-думан» концертінде ән шырқау бақыты да бұйырады. Бірақ, «Бауыржан-шоу» тарап, шығармашылық тоқырауға ұшыраған сәтте Асылжанның да әншілік жолы тұйыққа тірелгендей болады. Екі ортада жүріп әрі-сәрі күй кешкен ол ауылына қайтып, өз бетімен тіршілік етуді құп көреді. Содан бері Асылжанның өнерін тек түгіскендіктер ғана тамашалап келеді.Әңгімеден қашпайтын ашық-жарқын Асылжан бізге сөз арасында ғаламторда пайда болған видеожазба туралы да баяндап берді.
– Бір ауылдасымыздың қуанышына белгілі айтыскер Мейірбек Сұлтанхан келген еді. Сөйтіп, бас қосқан отырыста әдеттегідей гитарамен ән шырқай бастадым. Мейірбек інім өнеріме тәнті болып, дереу ұялы телефонына түсіре бастады. Қайда жұмыс істейтінімді сұрап әңгімеге тартты. Нағыз таланттардың ауылда жүргендігін айтып, жазбаны ғаламторға салуға рұқсат сұрады. Ол ертесіне қоңырау шалып, бір күнде 12 мың адамның тамашалағанын жеткізді. Шынымды айтсам, 5 минуттық видео осындай танымалдық әкеледі деп ойламадым, – дейді қарапайым тракторист жігіт ағынан жарылып.
Шынында да, аталмыш видео интернет желісінде үлкен қызығушылық тудырғаны рас. Оны бір ғана фейсбук әлеуметтік желісінде 73 мыңнан астам адам тамашаласа, 250 мыңнан аса қолданушы өз парақшаларында бөліскен. Сондай-ақ, тума таланттың өнеріне тәнті болған қолы ұзын азаматтар тарапынан түсіп жатқан ұсыныстар да жоқ емес. Өнерді шын бағалайтын продюсер табылып жатса, біздің кейіпкеріміз де бала арманын орындауға қарсы емес екенін айтады.
«Ел іші – өнер кеніші» демекші Асылжан сынды біз білмейтін тасадағы таланттың жүздегені бары рас. Микрофонның  астынан ернін жыбырлатып, әртіс атанып жүрген талай әншісымақтардан музыкалық білімі болмаса да таза, табиғи дауысты дарындылардың өнері сөзсіз артық. Тек «Бұлақ көрсең, көзін аш» деп қолтығынан демеп, бағыт-бағдар берсе болғаны. Әйтпесе, киелі сахнаның қадірін кетірген МС Сайлаубектердің жанында бұл бағалауға тұрарлық дүние емес пе? Қазақ ән өнерін көрге емес, өрге сүйрейтін осындай талапты жастарымызды насихаттасақ, нұр үстіне нұр болар еді. Бір таяқ лақтырсаң, «әншімін» деп күпініп жүргендердің басына тиетін заманда нағыз талантты ғана таныту үлкен іс.

Бағлан ТІЛЕУБЕРГЕНОВА.
Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: