«Ұлы дала елі –Тәуелсіздіктің 25 негізі» атты 25 жұлдызды күн іс-шаралар аясында жерлесіміз, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Темірше Сарыбайұлының 75 жылдық мерейтойына арналған «Шындық-Тәңір» атты облыстық жазба ақындар жыр мүшәйрасы болып өтті.
Шараның шымылдығын ашқан аудан әкімінің орынбасары Ж.Тажмаханов байқауға қатысушыларға сәттілік тіледі. Келесі сөз кезегін бірнеше кітаптардың авторы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, жазушы-журналист Айжарық Сәдібекұлы алып, өз естеліктерімен бөлісті.
Жыр додасына облысымыздың әр ауданынан 15 жас ақын қатысты. Байқау екі кезеңнен тұрды. Бірінші кезекте жас ақындар өздерінің Темірше Сарыбайұлына арнаған арнау өлеңдерін оқыса, екінші кезеңде еркін тақырыпта өз өлеңдерін оқыды.
Қазақстан Жазушылар одағы және Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, ақын Шаһизада Әбдікәрімов, Қазақстан Жазушылар одағы және Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің редакторы Ғазиза Әбілда, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Махмұтбай Әміреев бастаған қазылар алқасы жеңімпаздарды анықтап, қаржылай сыйлықтармен марапаттады.