ҚАЗАЛЫДА ЕРЖІГІТ БОЗҒҰЛОВТЫҢ ЕСКЕРТКІШ БЮСТІ АШЫЛДЫ
Бүгін, 30 қараша күні, Қызылорда облысының Әйтеке би кентіндегі «Жеңіс саябағында» еңбек сіңірген инженер-гидротехник, екі мәрте Еңбек Қызыл Ту орденінің иегері, Қызылорда облысының құрметті азаматы Ержігіт Бозғұловтың ескерткіш бюсті ашылды. Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев Ержігіт Сексенбайұлының елге сіңірген еңбегі туралы баяндады.
Ержігіт Бозғұлов – Сыр елінде мелиорациялау жұмыстарының қарқынды орындалуына үлесін қосқан азаматтардың бірі. Көп жылдар облыстық партия комитетінің мүшесі, облыстық кеңестің депутаты, Қазақстан компартиясы ХІV съезінің делегаты бола жүріп, Бүкілодақтық ауыл шаруашылығы көрмесінің жеті мәрте алтын, күміс, қола медальдарымен марапатталды. 1976 жылы Е.Бозғұлов «Қазақстанның еңбек сіңірген инженер-гидротехнигі» атағына ие болды. Оның есімі Одақтық Су шаруашылығы және мелиорация министрлігінің «Құрмет кітабына» жазылды.
- «Өткенін білмей, болашақ болмас» дейді дана халқымыз. Бүгінгідей ел үшін елеулі күні біз ұлт пен ел тәуелсіздігі жолында ғасырлар бойы күрескен ата-бабаларымыздың, боздақтарымыздың рухына бас иеміз! Ұлт зиялысы Ахмет Байтұрсынұлының «Өлмейтін адам емес, өлмейтін оның атағы» деген ойлы сөзі бар,- деді облыс әкімі Қырымбек Көшербаев бюсттің ашылу рәсімінде.
Осы күні аудандағы 1200 орындық мектеп-лицейге Ержігіт Бозғұловтың есімі берілді. Мектептің үздік ұстазы мен озат оқушысына Бозғұловтар әулетінің атынан ақшалай сыйлық сертификаты табысталды. Ал Қазақстанның еңбек сіңірген гидротехнигімен аттас оқушыларға Бозғұлов ғұмыры жайлы естелік кітаптар табысталды.