«ТӘУЕЛСІЗДІКТІҢ 25 АСА МАҢЫЗДЫ ОҚИҒАЛАРЫ» КІТАБЫНЫҢ ТҰСАУКЕСЕРІ ӨТТІ
Бүгін Қазақстанның Орталық коммуникациялар қызметінде ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Рүстемов Руслан Рүстемұлы мен «Тәуелсіздіктің 25 аса маңызды оқиғалары» кітабының авторы Берекет Кәрібаевтардың қатысуымен брифинг өтті.
Облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемұлы брифинг барысында ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейлі мерекемен қатысушыларды құттықтап, жақында жарыққа шыққан «Тәуелсіздіктің 25 аса маңызды оқиғалары» кітабының тұсаукесер рәсімі бойынша жаңа туындымен таныстырды.
Кітап аты аталғандай, ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған, Қызылорда облысы әкімдігінің қолдауымен шығарылған.
Кітаптың авторы ҚР Ұлттық Ғылым академиясының корреспондент мүшесі, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті «Қазақстан тарихы» кафедрасының меңгерушісі, тарих ғылымдарының докторы, профессор, қызылордалық Кәрібаев Берекет Бақытжанұлы.
Ғалым Берекет Кәрібаевтың ұзақ жылғы ізденістерінің нәтижесі осындай қомақты кітаптың құндылығын арттыра түсті. Мұнда көтерілген әрбір жетістіктердің барлығы ел бірлігін берік ұстанған егемендіктің жиырма бес жылында жасалған жасампаз істер. Осындай әрбір жетістігік Тұңғыш Президенттің сара да салиқалы саясатымен жүзеге асырылып отырғаны баршаға аян.
«Тәуелсіздіктің 25 аса маңызды оқиғалары» кітабы ғылыми еңбек емес, көпшілікке арналған танымдық кітап. Сондықтан баршаңыздың оқып, өткенімізге көз жіберіп, барымызды бағалауға атсалысып, оқырман болуға шақырамын,- деді Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Р. Рүстемов брифинг соңында.