Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласының аясында Қызылорда қаласының 200, Астана қаласының 20 жылдығына орай облыстық филармония осы күнге дейін жүзден астам шара ұйымдастырды.
Аймақ көлемінде бастау алған ән-жыр керуені шет елдерде жалғасын тапты. «Сыр елі –жыр елінің» дәстүрлі өнерін кеңінен насихаттау және халықтар арасындағы достық байланысты нығайту мақсатында Ресей, Ұлыбритания, Түркия мемлекеттерінде гастрольдік сапармен болып, қазақ өнерінің қазынасын әлемдік сахналарда әуелетті.
Алғашқыда Сырдария ауданының Айдарлы ауылында «Рухани әуен әлемі» атты «Ақмешіт» фольклорлық ансамблінің концерті, Қармақшы ауданының Тұрмағамбет және Ақжар ауылдарында ұйымдастырылған «Ұлтымның шайыр дастаны» атты Тұрмағамбет халық аспаптар оркестрінің концерті ауыл тұрғындарының айрықша қошеметіне ие болды. Бұдан кейін Сыр бойының дәулескер күйшілері Әлшекей Бектібайұлының, Құрақтың Досжанының және Шал Мырза бабаларымыздың күй өнеріндегі қолтаңбасын ұрпақ санасына ұялату мақсатында «Бабалар аманаты» атты күйшілер концерті жоғары деңгейде өтті.