Facebook WhatsApp Instagram

Мәдениет

0

АҚМЕШІТТІҢ АЖАРЫ


Алаштың Ақмешіті атанған – Қызылорданың заманауи үлгіде жаңарған кескін-келбетін көргенде жүректі қуаныш сезімі кернейді. Күннен-күнге сәулеттік ажары айшықтала түскен алғашқы астанамыздың бүгінгі кейпі тіптен ерек.
Көздің жауын алатын әсем гүлзарлар мен сан түрлі архитектуралық мүсіндер көрікті мекен көшелерін одан әрі шырайландыра түскендей. Әсіресе, шаһарымыздың бас көшесі – Жібек жолы бойын жағалай серуендесеңіз, бейне бір өзге әлемге тап болғандай күй кешесіз. Жерді бауырлай жапқан алқызыл шоқ гүлдер мен түрлі пішіндегі архитектуралық кескіндер сонау алыстан мен мұндалап, көз тартады. Ерекше шеберлікпен жасалған мұндай тас мүсіндер тек сәулеттік тұрғыда ғана емес, терең түсіне білген жанға тағылымы мол тәлім-тәрбие ұғындырып тұрғандай. Расында, олардың әрқайсысынан қазақылықтың иісі аңқып тұр. Мәселен, бірі түлкі тымақты бастыра киіп, қыран бүркітті қолына қондырған сом денелі ер жігіттің келбетін бейнелесе, бірі Тұран даланың абызына айналған – Қорқыт бабаның мүсінін әспеттеп тұр. Енді бір жерден бітіспес даудың түйінін тарқатқан аузы дуалы үш биді көреміз. Ал, талбесікті имене тербеткен ақ жаулықты ана, балаларын бауырына басқан қария, ата салтпен үлкен өмірге қадам басқан қос ғашықтың кейпі арқылы халқымызға тән бауырмалдық қасиетті, бойға сіңген әдет-ғұрыпты насихаттаған рухани дүниелерді аңғаруға болады. Олар ана мен бала махаббатын, тәлімі терең тарихты, бабадан жеткен асыл мұра – ата дәстүрді дәріптейді. Қысқасы, мұндағы аса ұқыптылықпен жасалған барлық туындылар бір-бірімен әдемі үйлесім тауып, көз тартар әсемдікті паш етіп тұр. Бұрын-соңды болмаған осындай сәулеттік элемент бүгінде қала тұрғындарын ерекше әсер мен көтеріңкі көңіл-күйге бөлеуде.
Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: