Кез келген қоғамда, даму дәрежесі қаншалықты жоғары болғанына қарамастан, әлеуметтік қиындықтар болып тұрады. Осындай себептердің салдарынан, қазіргі кезде әлеуметтік көмекке мұқтаж болып отырған мүмкіндігі шектеулі балалар көбеюде.
Әрине, мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп, әлеуметтік тұрмысқа баулуда, ата-ана мейірімімен қатар, қоғам тарапынан шексіз мейірімділіктің қажеттілігі бірден айқын байқалады. Бұл жұмыста үлкен жауапкершілік, төзімділік, тәжірибе қажет. Қазіргі таңда қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне қарасты әлеуметтік қызмет көрсету бөлімшесінде сондай 183 мүмкіндігі шектеулі бала бар.
Әрбір айтулы мерекелерде мүмкіндігі шектеулі жандарды қоғамдық өмірге даярлау, әлеуметтік бейімдеу, жан-жақты дамуларына қолдау көрсету, олардың тең құқылы тіршілік етулеріне жағдай туғызу мақсатында байқау өткізіліп тұрады. Осы үрдісті дағдыға айналдырған аталмыш бөлімшеде өнерге таласы бар жандар баршылық көрінеді.
Айта кету керек, сайыс барысында қыз-жігіттер көпшілік алдында өз-өздерін таныстырып, артынша өнерін паш етті. Айталық, кейбіреулер жиналғандар алдында ән орындаса, енді біреулері қоларбада отырып-ақ би биледі, көркемсөз оқығандары да болды.
Сайыс барысында сөз алған қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасының орынбасары Жақай Бодықов балаларды мерейлі мерекелерімен құттықтады. Өз кезегінде жеңімпаз атанған балаларды қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы С.Дүйсенбаев «Алғыс хат» және бағалы сыйлықтарымен марапаттады.