Жаңақорған ауданында Облыстық «Рухани жаңғыру» орталығы мен «Жаңарған Жаңақорған жастарының» ұйымдастыруымен жас отбасылармен «Бақытты шаңырақ және бала тәрбиесі» атты семинар-тренинг өтті.
Семинарға «Қазақстандағы 100 жаңа есім жобасының жеңімпазы», облысымызға белгілі психолог Сымбат Әбдірахманова қатысып, отбасындағы бала тәрбиесі жөнінде кеңестер беріп, тренинг өткізді. Үйдегі кез келген мәселе, оның ішінде ұрыс-керіс баланың психологиясына кері әсер тигізетіні жайында кеңінен айтқан Сымбатқа қатысушылар көкейде жүрген сауалдарын қойып, тұшымды жауап ала алды.
Сондай-ақ отбасы от басудан басталып кетпес үшін, жастарға кең көлемде кеңес беру үшін семинар-тренингке Жаңақорған ауданының мәслихат депутаты Серiк Абдуллаев, Жаңақорған ауданының мәслихат депутаты Азия Қыстаубаева, «Жаңақорған тынысы» газетінің тілшісі Баян Үсейiновалар қатысып, бүгінгі тақырыпқа қатысты өмірлік тәжірибелерімен ой бөлісті. Семинар барысында «Жаңаша» театрының əнші актерлары отбасы тақырыбы төңірегінде қойылым қойды. Шара соңында көрермен қыз-келіншектердің барлығына дерлік гүл шоқтары мен сыйлықтар табыс етілді.
Иә, бүгін қоғамда тәрбие негізін отбасыдан бастаудың өзіндік салмағы бар. Тағдыр тамшыларының ең нәрлісi бipлесiп күн көретін отбасы құндылығы. Қоғамдық тұрғыдан қажеттіліктерді қанағаттандыратын туыстық қатынастың қазақ қағидасынан құламауына азда болса негіз болар кеште көп отбасылар белсенділік танытты.