Facebook WhatsApp Instagram

Мәдениет

0

Асанас кесенесі туралы не білеміз?


Асанас ата-қарақалпақ, жергілікті танымал әулие Қожан қожаның нағашы атасы, аңыз бойынша кесенеде оның немересі (қыз бала) жерленген, ал ескерткіштің өзін қарақалпақтар тұрғызған.
Кесене туралы алғашқы мәліметтер Асанас қалашығын сипаттап жазған В.А.Каллаур жазбаларында кездеседі. Кесене шаршы пішінді күйдірілген кірпіштерден 23х23х5 см, 10 қатар+ 10 жым=0,63 м) тұрғызылған, жоспарындағы аумақтық өлшемдері – 7,18х8,83 м. кесененің негізгі қасбеті қатты қираған-күмбезінің бір бөлігі құлап, қабырға қаландысы жарылған, қазіргі таңда кесене қайта жөнделген. Кесене призмалық қабыққа енгізілген бетше босағалы. Бетше босаға бастапқы бейнесін жоғалтты десе болады, тек іргесінің төменгі жағындағы қаландының бірнеше қатары ғана сақталған. Ол негізгі қасбетімен оңтүстік-батысқа бағытталған, түкпірінде, бетше босағаның қабырғасында камераға кіретін ағаш есікті кіреберіс ойығы бар. Кесене екі сатылы күмбез асты барабанындағы күмбезбен тәжделген. Жоспарында дөңгелек іспетті болып келген күмбез асты барабанның кертпештері тік, ал күмбезі жеңіл сүйірленген жарты шар кескінді және ол қаландыдан шығып тұрған екі қатар кірпіштермен белдеуленген. Ескерткіштің қабырғалары ішіне қарай аздап еңкейген, бірақ сәнделмеген. Ескерткіштің барлық периметрі бойынша, еденнен сәл биіктеу тұстан бастап, қаландыны тұздалудан сақтайтын қамыс төселімінің екі қабаты ұсталған. Камера қабырғаларының ортасында бір-бірден жебе кескінді аркалы үлкен қуыстар бар. Олардан жоғары тромтардың айқын белдеуі орналасқан, оның деңгейінде күмбез асты сегіз қырлылық құрылған, сегіз қырлылықтың әрбір қырында да жебе кескінді аркалы қуыстар бар. Аркалы тромптардың қуыстары камера бұрыштарынан шығып тұрған үш сатылы кірпіш сталактиттерге тірелген қаландылармен толтырылған. Тромптар белдеуінен күмбез негізінің шеңберіне өту төменгі қатарларының шығарылымы есебінен іске асырылған. Камераның еденіне күйдірілген кірпіш төселген. Іші сыланбаған. Жөндеу жұмыстары кезінде камераға қалыңдық бас киімі-сәукелесі бар қабір үсті ескерткіші қойылды. Асанас мазары Қазақстанның соңғы ортағасырлық мемориалды архитектурасындағы зерттелмеген кесенелердің бірі ретінде зор тарихи-мәдени құндылыққа ие. Сонымен қатар, ол композициясындағы жаңалығымен де құнды.
Мәді (Маһди)-Диуана қожа, деректерге қарағанда, өте киелі әулие болған, бірнеше мәрте қажылыққа барған. «Диуана» – араб сөзі. Қазақшаға аударғанда «ақылды адам» дегенді білдіреді. Сол қажылық сапарының бірінде жаяу бара жатып, жолай қарақалпақ елінде бір ауқатты адамның үйінде құдайы қонақ болады. Үй иелері немқұрайлы карап, дәлізден орын береді. Түнде үй иесі жарқыраған сәуледен оянып кетеді.
Қонақтың үстінен шашыраған нұр сәулені көріп, дереу кемпірін оятады. Екеуі таң атқанша ойланып, қонағының тегін адам емесін біліп, алты ұлдың ортасындағы жалғыз қызын бабамызға бермекші болады. Таңертең бұл ойларын ұлдарына айтса, олар көнбейді: «Қаңғып жүрген адамға айдай қарындасымызды беремін дейсіңдер, екеуіңде алжығансыңдар», деп қонақтың көзін құртпақ болады. Мылтықпен бірнеше рет атса да бабамызға оқ дарымайды. Бейқам отырған бабамыз мына зұлымдықты көріп, алтауын әруағымен бір-ақ атады. Табанда бәрі жан тапсырады. Кейін мән-жайды ұғынған соң, кемпір мен шалды аяп: «Алты ұлынды тірілтейінбе? Әлде соларға татырлық бір ұл Алладан тілейінбе?» – депті. Сонда олар: «-Шырағым, өлер балалар өлді. Ақымақтығы өздеріне сор болды. Енді бәріне татитын ұл бер»- депті. Бабамыздың тілегі қабыл болып, ұлды болыпты, бар қадір-қасиетімен туылыпты. Сол кездегі қызылбастардан (ирандықтардан) елін қорғаған батыр, әулие, әрі ақыл иесі болыпты. Бұл – Асанас бабамыз еді. Үй иелері қызын Мәдіқожаға қосады. Сол жерде 2-3 айдай аялдап, онан соң қажылық сапарын жалғастырады.
Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: