Facebook WhatsApp Instagram

Саясат

0

Жосалы кенті газға қосылды

Бүгін Жосалы кенті тұрғындары көгілдір отынның игілігін көруде. Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова Қармақшы ауданына жұмыс сапары аясында Жосалы кентін газға қосу салтанатты шарасына қатысты. 
Тұрғындарды қуанышымен құттықтаған аймақ басшысы кент орталығына қосылып жатқан алау отын әр отбасына жылу сыйлап, халықтың тынымсыз еңбектің мехнатынан арылатын күнге жеткенін атап өтті. 
- Баршаңызды келе жатқан 6 шілде – Астана күнімен шын жүректен құттықтаймын! Мерейлі мереке қарсаңында бүгін екі аудан орталығы Жосалы және Жалағаш кенттеріне көгілдір отын берілгелі тұр. Осы тарихи сәтпен аудан тұрғындарын шын жүректен құттықтаймын! 
Елбасы, ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қолдауымен басталған ірі стратегиялық маңызы бар «Бейнеу-Шымкент» магистралды құбыры Сыр елін газдандыруға зор мүмкіндік берді. Облыс аумағынан өтетін 846 шақырымдық газ құбыры Қызылорда облысына жол ашты. 
Облысымызда Арал, Қазалы, Сырдария, Шиелі, Жаңақорған аудандарының орталықтары мен Байқоңыр қаласы және 9 ауылдық елді мекендер көгілдір отынға қосылды. Жалпы жыл соңына дейін Қазалы қаласын, Шиелі ауданының Бекежанов және Қодаманов ауылдарын толықтай газбен қамтамасыз етіп, тұрғындарлың газ тұтыну үлесін 67,4 пайызға жеткізетін боламыз,-деді облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова. 
Айта кетейік, өткен жылы Арал ауданындағы Жақсықылыш, Қазалы ауданындағы Мұратбаев және Шиелі ауданындағы Байсын елді мекендері газге қосылды. Нәтижесінде 8 мыңға жуық тұрғын көгілдір отынның игілігін көруге мүмкіндік алды. Ал, биылғы жылдың ақпан айында 11 мың тұрғын бар Сырдария ауданы Тереңөзек кенті табиғи газ тұтынуға мүмкіндік алды. Алдағы кезеңде Төретам кенті мен Ақай ауылын газдандыру жоспарлануда.
Салтанатты шарада Қармақшы ауданының ардагері Қаршыға Есдәулет Тұңғыш Президент - Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сарабдал саясатының нәтижесінде Тәуелсіздік жылдарында еліміз елеулі жетістіктерге жеткенін атап өтіп, Астана күніне арналған ақжарма тілегін жеткізді.
Елді мекендерді газға қосу Nur Otan партиясының сайлауалды бағдарламасында көзделген. Жосалы кентіндегі кварталішілік газдандыру жұмыстарын бас мердігер - «Энергоресурс» ЖШС мамандары атқарып, республикалық және облыстық бюджеттен 2,69 млрд. теңге қаржыға жұмыстарды аяқтады.  
Мұнан кейін аймақ басшысы Қармақшы ауданына жұмыс сапары барысында Тәуелсіздік ықшам ауданындағы көп балалы отбасыларға арналған тұрғын үйлер құрылысының жұмысымен танысып, құрылыс заттарының сапасына мән беруді және құрылысты уақытылы аяқтауды тапсырды. Аталмыш үйлер ағымдағы жылдың аяғында пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Әр үйдің көлемі  68,7 шаршы метрді құрайды. 
Одан кейін Гүлшара Әбдіқалықова Иіркөл және Ақжар ауылдық округтеріне барды. Иіркөл ауылында тұрғындармен кездесіп, елдің тыныс-тіршілігіндегі маңызды мәселелерді бағамдады. Ауыл ақсақалдары аяқ су мәселесін алға тартты. Өз кезегінде облыс әкімі аяқ су мәселесін түбегейлі шешу жолдарын қарап, кезең-кезеңімен реттелетінін айтып, егін алқабына суды жеткізудің мөлшерін үнемдеу қажеттігін еске салды. Сонымен бірге індеттің таралу деңгейі бәсеңсімей тұрғанын жеткізіп, екпе егудің маңыздылығына тоқталды. 
Сапары кезінде Гүлшара Әбдіқалықова Ақжар ауылында «Ақжар» шаруа қожалығының егіс алқабындағы шаруашылық жұмысын көріп, мамандармен тілдесті.
Бірқатар нысандарды аралаған аймақ басшысы аудан әкімі Мұса Қалдарбековке құрылыс, су тапшылығына байланысты егін шаруашылығына қажетті шараларды уақытылы әрі судың бөлінісін үнемдеп пайдалану бағытында жұмысты үйлестіруді тапсырды.
Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: