Қызылорда облысы бойынша Сырдария ауданы өзін-өзі қамтамасыз ететін жалғыз аудан болып табылады. Бұл туралы бүгін Сырдария ауданының әкімі Ғ.Қазантаевтың халық алдындағы есептік кездесуінде айтылды. Қазіргі таңда Сырдария ауданы облыста алдыңғы қатарлы аудандардың біріне айналып отыр. Ауданда жаңа нысандар іске қосылып, тұрғындарды сапалы ауыз сумен, білім беру және денсаулық сақтау, сондай-ақ мәдени ошақтармен қамтамасыз ету жұмыстары қарқынды жүріп жатыр.
Аудан әкімі өткен жылы аудан аймағындағы қоғам¬дық-саяси ахуал, халыққа қызмет көрсету, жылу беру мен электр қуатымен қамтамасыз ету, негізгі капиталға салынған инвес¬ти¬циялар, ауыз су мен аяқ су жүйелерін қайта жаңғырту, автокөлік жолдарын жөндеу, елді мекендерді көркейту-көгалдан¬дыру, қоғамдық тәртіптің сақ¬талуы жөнінде атқарылған ауқымды жұмыстарды баян етті. Мемлекеттік «Ақбұлақ» бағдарламасы аясында кентке қарасты О.Мәлібаев ауылында су қоймасы іске қосылды. Аудан тұрғындарының талай жылғы арманы орындалып, Сырдария өзеніне салынған көпір ашылды. Сырдария агро-техникалық колледждің жатақханасы қайта жаңғыртудан өтіп, 30 пәтерлі үйге және 68 орындық жатақханаға лайықтандырылды. Аудан орталығында 250 орындық емхана мен елді-мекендерде жаңадан бой көтерген амбулаториялық дәрігерлік мекемелер халық игілігіне жұмыс жасауда.
Алдағы уақытта да ауданда халыққа сапалы қызмет көрсететін әлеуметтік нысандар саны арта бермек. Аудан әкімі биыл атқарылатын шаралармен таныстыра отырып, ағымдағы жылы Шіркейлі ауылында 600 орындық, Шаған ауылында 900 орындық жаңа білім ордалары пайдалануға берілетінін, Айтек каналының сол жағалауын игеру үшін көпір салынатынын, жаңа автовокзал ғимараты ашылатынын, тұрғын үй құрылыстарының жалғасатынын, ауыз су жүйесін қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілетінін хабарлады.
Өңір басшысы Қ.Көшербаев ауданда атқарылған жұмыстың оң бағасын беріп, 2015 жылдың екінші жарты жылдығынан бастап Сырдария ауданын табиғи газбен қамту да қолға алынатынын жеткізді.