Facebook WhatsApp Instagram

Саясат

0

Аймақ басшысы Жаңақорған ауданының тең жарымын аралады

Аймақ басшысы Жаңақорған ауданының тең жарымын аралады

 

Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев Жаңақорған ауданында жұмыс сапарымен болды. 80 мыңнан астам халқы бар ауданда 24 ауылдық округ бар. Аймақ басшысы сол ауылдардың тең жартысына жуығына сенбі, жексенбі күндері барып, тыныс-тіршілігімен танысты. 
Алдымен «Сығанақ» қалашығындағы қайта жаңғырту жұмыстарын көрді. Болашақта бұл жерді туристтік аймаққа айналдырып, ашық аспан астындағы мұражай жасау жоспарда бар. Тарихи қаланы жаңғыртудағы жұмыстар биылда жалғасын табатын болады. 
Сунақата ауылында кәсіпкерлік саласы жақсы дамыған. Облыс әкімі ауылдың іскер әйелдерімен кездесті. Гауһар Сәрсенбаева өзі мұғалім. Дегенмен, бала күнгі арманын іске асыру мақсатында ісмерлікпен айналысып жүр. Түрлі бұйымдар тігіп, аудан көлемінде тапсырыс қабылдайды. Қазір жанына екі қызметкер алып, шаруасын дөңгелетуде. 
Төменарық ауылындағы №223 орта мектеп өткен жылы апаттық жағдайда деп танылды. 450 балаға арналған бұл ғимараттың іргесі 1982 жылы қаланған. Жаңа ғимарат салуға қажетті жоба-сметалық құжаттары дайын. Облыс әкімі бұл ауыл тіректі елдімекендердің тізіміне енгендіктен мектеп мәселесі де шешімін табатындығын жеткізді. Сонымен қатар, Қазатомпром ұлттық компаниясы атынан білім ұясына газель автокөлігінің кілтін табыстады. 
Ауданда биыл 893 бала мектеп бітіреді. Ұлттық біріңғай тестілеу орталықтарында қазір түлектердің дайындығы, оларды тест кітапшаларымен қамту мәселелері толық шешілген. Аймақ басшысы жаңақорғандық түлектермен кездесіп, мамандық таңдауда қателеспей, жоғары көрсеткішке қол жеткізулеріне тілектестігін жеткізді. 
Бесарық ауылына қарасты аумақтағы «Талдысу» лагерінде қазір қосымша білім беру орталығы жұмыс істеп тұр. Жазғы мезгілде бұл жерде облыстың барлық аудандарынан балалар келіп тынығады. Ал оқу жылында мектеп бітірушілерінің ҰБТ-ға дайындалады. Биылғы оқу жылының өзінде 693 түлек білім алған. Қазір Қармашылық үлгерімі жақсы 195 жеткіншек білімдерін жетілдіруде.
Мұнан соң, облыс әкімі Бесарықтағы су қоймасының жағдайымен танысты. 1977 жылы салынған су қоймасының тозығы жетіп тұр. Нысанды күрделі жөндеуден өткізуге қажет құжаттары дайын. Оны қалпына келтіруге биыл 326 млн. теңге қаржы қажет. Аймақ басшысы бұл мәселені шешу жолдары қарастырылатынын жеткізді. 
Қазір Жаңақорған аудан орталығында газдандыру жұмысы қызу жүргізілуде. Жыл соңына дейін, алдыңға кезекте әлеуметтік нысандар толығымен көгілдір отынға қосылатын болады. Аудан орталығынан спорт кешені салынып жатыр. Жобаның жалпы құны 364 млн. теңгені құрайды. Жаңа заманның талабына сай бұл орталық үстіміздегі жылы шілде айында пайдалануға беріледі. Жаңақорғандық жас спортшылардың жетістіктері аз емес. Өткен жылы Қазан қаласында өткен белбеу күресінен Әбдірашид Рахманберді әлем чемпионы атанды. Жас спортшының жетістігімен аймақ басшысы құттықтап, сый-сыяпатын көрсетті. 
Қыраш ауылындағы жеке кәсіпкер К.Итаяқов «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасымен мал шаруашылығын инженерлік коммуникациялық инфрақұрылымын дамытуға байланысты қайтарымсыз несие арқылы күн сәулесінен энергия қуатын алатын қондырғы орнатқан.
Кәсіптің көзін тапқан қожалық өзін ғана емес тағы бірнеше отбасын жұмыспен қамтамасыз етіп отыр. 
Өз кәсібін дөңгелетіп отырған тағы бір шаруа қожалығы Талап ауылынан 15 сотық жерге жылыжай салған. Өткен жылы 3 жылы жайға қияр егіп, 6 тоннаға жуық өнім алған. Мұнан бөлек, мал шаруашылығы және ара өсіріп, бал жинаумен де айналысады. 
Облыс әкімі ғасыр жасаған ҰОС ардагері Жүніс Қабетеновтің отбасында болып, жеңістің 70 жылдығымен құттықтап, сый-сыяпат жасады. Ардагер соғыс жылдарынан естелік айтып, майдангерлердің ерлігін еске түсірді. Қария ақ батасын беріп, елде енді соғыс болмасын, бейбіт күнді бағалай білейік дейді. 
Жалпы, аймақ басшысы екі күнде 10-нан астам ауылда болып, 20-ға жуық нысанның жұмысымен танысты. Тұрғындармен кездесіп, талап-тілектерін тыңдады.
Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: