Қызылордада тұрмыстық қатты қалдықтарды өңдейтін зауыт салынады
Бүгін, 10 қарашада Астанада Қызылорда қаласында салынатын тұрмыстық қатты қалдықтарды кәдеге жарату жобасын қаржыландыру мәселесі шешімін тапты. Жобаны жүзеге асыруға байланысты Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев, Еуропалык қайта құру және Даму банкінің Қазакстан бойынша директоры Джанет Хэкман және Қызылода қаласы әкімінің міндетін атқарушы Нұржан Ахатов үш жақты алдын ала келісімге қол қойды.
Аталмыш банк жобаны жүзеге асыруға 3,6 миллиард теңге (15 миллион евро баламасымен) көлемінде қаржы салады. Ал несиені қайтару мерзімі – 13 жыл (3 жыл жеңілдетілген мерзімді қосқанда).
Бастысы жобаны жүзеге асыру кезінде Қызылорда облысының экологиялық жағдайы жақсарады. Яғни, полигонға жеткізілетін тұрмыстық қатты қалдықтар қайта өңделеді. Шикізаттан мәселе жоқ. Қарапайым күнделікті тұрғындардың «кәдеге жарамсыз» деп тастаған қоқыстары өңдеуден өтеді. Жобаны жүзеге асыру арқылы өңдеудің басқару жүйесін дамытуға және жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.
Жоба аясында қалдықтарды механикалық-биологиялық өңдеу кешенінің және жаңа санитарлық қоқыс полигонының құрылысы салынып, өндіріске қажетті құрал-жабдықтар, станоктар сатып алынады.
– Біз бұл банкпен тығыз байланысты жұмыс жасап жатырмыз. Экологиялық жағынан таза жанар-жағармаймен жүретін соңғы үлгідегі 20 автобус сатып алынды. Жақын күндері тағы 100 автобус әкелінеді. Бұған қоса, облыс орталығын су бұру және сумен қамтамасыз ету, электр және жылумен жабдықтау жұмысын қаржыландырады. Енді ЖЭО жаңғыртуға қаражат бөлу мәселесі және соңғы үлгідегі жаңа электр үнемдеу технологияларын қолдану арқылы облыс орталығын жарықтандыру жобасы әзірлену үстінде, - деді Қызылорда облысының әкімі Қ.Көшербаев
Жалпы, Қызылорда облысында Еуропалық Қайта Құру және Даму Банкімен бүгінде құны шамамен 60 млрд. теңге болатын 8 жоба іске асырылып жатыр.