ТӘУЕЛСІЗДІК КҮНІНДЕ 230 ҚЫЗЫЛОРДАЛЫҚ БАСПАНАЛЫ БОЛДЫ
Бүгін Тәуелсіздік күні қарсаңында 230 қызылордалық баспаналы болып, 280 орындық балабақшаның іргетасы қаланды.
Жаңа тұрғын үйлер «Шұғыла» мөлтек ауданында «Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингі» АҚ қаржыландырумен салынды. Жалпы ауданы 13,4 мың шаршы метр болатын 4 көпқабатты тұрғын үйде 230 пәтер бар. Осыншама отбасы тәуелсіздік мерекесін жаңа баспанада атап өтеді. Бір айта кетерлігі, бұл баспаналарды тұрғындар алдын ала төлемсіз 20 жылға жалға алуда. Тұрғын үй «өңірлерді дамытудың 2020 жылға» дейінгі бағдарламасы шеңберінде салынып отыр.
Сондай-ақ, «Арай-2» жаңа мөлтек ауданында 280 орындық балабақшаның іргетасы қаланды.
- Тәуелсіздік күні қарсаңында баспаналы болып отырған барлық қызылордалықтарды қуаныштарымен құттықтаймын. Қазіргідей қаржылық қиындықтарға қарамастан үйлі болып жатқандардың саны артуда. Осы игі істердің барлығы тәуелсіздіктің арқасы екенін ұмытпайық, - деді облыс әкімі Қырымбек Көшербаев.
Жалпы Қызылорда облысында құрылыс көлемі өткен жылмен салыстырғанда 3,5 есеге артқан. Ал облыс орталығында 8 есеге өсті. Тек биылдың өзінде 53 көпқабатты үй салынып, 2562 отбасы баспаналы болды.