Облыс әкімі Н.Нәлібаевтың Астана күнiне орай мерекелік құттықтауы
Құрметті жерлестер, ардақты ағайын! Сіздерді Астана күнімен құттықтаймын! Өткен ширек ғасырда бас қаламыз әлемдегі ең озық, қарыштап дамыған шаһарлар қатарына қосылды. Құрылу, қалыптасу, өркендеу сатысынан өтіп, еліміздің әкімшілік және іскерлік орталығына айналды. Барша қазақстандықтарды ортақ идеяға, рухани тұтастыққа біріктірді. Мемлекетіміздің тәуелсіздігінің символына және жаhандық табысына негіз болды. Сәулет өнерінің озық үлгілері бой көтерген, әлемдік деңгейдегі экономикалық, ғылыми-техникалық және әлеуметтік маңызы бар шаралар өткізілетін қала болып қалыптасты. Еуразия кеңістігіндегі мәдени және зияткерлік орталыққа, еліміздің орнықты дамуының басты қозғаушы күшіне айналды. Бүгінде Сарыарқа төсіндегі елордамыз кең байтақ қазақ даласының жүрегі іспетті. Қалалар мен аудан орталықтары, ауылдар Астанаға қарап бой түзейді. Бас қаланың тыныс-тіршілігі, өсіп-өркендеуі, ұлт мұраты жолындағы бастамалары бүкіл елдің назарында. Өткен жиырма бес жылда еліміздің әр түкпірінен мыңдаған отандастарымыз елорда тұрғыны болуға ұмтылғаны белгілі. Олардың қатарында сырбойылықтар да Астанамыздың өркендеуі мен гүлденуіне қомақты үлес қосып келеді. Бүгінгі мерекеде баршаңызға мықты денсаулық, жарқын жетістіктер мен құт-береке тілеймін. Елордамыздың еңсесі бүгінгіден де биіктеп, жарқырап-жайнай берсін!