Бүгін, А.Тоқмағамбетов атындағы қалалық мәдениет үйінде қала әкімі Нәлібаев Нұрлыбек Машбекұлының халық алдындағы қорытынды есеп беру кездесуі өтті.
Бұған дейін, 1-7 ақпан аралығында қалаға қарасты 2 кент және 7 ауылдық округте, қаланың шет аймақтары тұрғындарымен М.Ералиева атындағы мәдениет үйінде, №101 мектеп ғимаратында, қоғамдық кеңестің алдында, барлығы 12 кездесулер өткізген болатын.
Есепті кездесу барысында қала әкімі Н.Нәлібаев 2016 жылы атқарылған жұмыстар мен алдағы міндеттер туралы баяндама жасап, тұрғындардың сауалдарына жауап беріп, қаланы дамытуға байланысты ұсыныстарды тыңдады.
Жиынға арнайы қатысқан облыс әкімі Қырымбек Елеуұлы қала әкімінің атқарған жұмыстарына көңілі толатындығын және алдағы уақытта да осы қарқынмен жемісті еңбек ететіндігіне сенім білдіріп, оң бағасын берді.
- Біздің бұл кездесуіміз тек санға сүйенген есептен ғана тұрмайды. Әр санның артында мыңдаған адамның еңбегі, қала тұрғындарының сұранысын қанағаттандыру мақсаты тұр.
Жыл көлемінде атқарылған әрбір істің әділ сыншысы, адал ниетті қолдаушысы болып, осындай кездесулерге жиналуларыңыздың өзі Сіздердің қаланың дамуына, өмір сапасының жақсаруына мүдделі екендеріңізді білдіреді. Қол жеткен жетістіктеріміздің барлығы, өңірімізді дамытуға аянбай еңбек етіп, өз шағын отанын гүлдендіруге барын салып жүрген аймақ жұртшылығының және әр саланың тынымды тірлігінің арқасында, - деді шаһар басшысы Н.Нәлібаев.