Францияның Париж қаласында каратэден өтіп жатқан соңғы лицензиялық турнирде жерлесіміз Мөлдір Жаңбырбай 55 келі салмақ дәрежесінде күміс жүлдегер атанып, Токио Олимпиадасының жолдамасына ие болды.
Мөлдір 8 кездесу өткізіп, оның 7-де жеңіске жетті. Жарыстың іірктеу сатысында Корея, Австрия, Испания, Болгария, Люксембург, Польша, Ресей елдерінен келген қарсыластарын жеңді. Ал ақтық сында болгариялық спортшыға есе жіберіп қойды.
Жарыс ережесі бойынша алғашқы үш орынды иеленген спортшыларға ғана Олимпиада жолдамасы табысталады.
Айта кетейік, қызылордалық спортшыларда Токио Олимпиадасына үш лицензия бар. Олар: ҚР еңбек сіңірген спорт шеберлері, боксшы Қамшыбек Қоңқабаев, еркін күрес балуаны Дәулет Ниязбеков және ҚР халықаралық дәрежедегі спорт шебері, каратэші Мөлдір Жаңбырбай.