Қазір жанкүйерлер Рахат Бекболат, Айсамал Сансызбаева, Айзада Мүптілдә сынды ауыр атлеттердің есімін жақсы біледі. Сыр топырағында дүниеге келген саңлақтар талай дүбірлі додада еліміздің атын абыроймен қорғап жүр. Бірі ересектер арасында бәсекеге түссе, тағы бірі жастар мен жасөспірімдер арасында жеңімпаз тұғырынан көріне бастады.
Бұл облыста ауыр атлетика дамуының жоғары көрсеткішін айғақтайды. Әрдайым толағай табысқа кенеліп жүрген жастар Илья Ильин, Рүстем Сыбаев, Александр Зайчиков сынды үздіктердің жолын лайықты жалғастыруда. Алдағы міндет – сол жақсы үрдісті жалғастыру, талантты өрендердің шығуына қолайлы жағдай жасау. Жақында өткен ауыр атлетикадан бапкерлер кеңесінде аталған тақырып кеңінен таразыланды. Оған елімізге еңбек сіңірген бапкер Вилорий Пак басшылық жасады.
– Сыр өңірінің ауыр атлетикасы қай кезде де жоғары бағаланады. Бүгінге дейін қаншама таланттар түлеп шықты. Олардың әрбірінің жеңісінде жергілікті мамандардың өлшеусіз еңбегі бар. Жергілікті тұрғындар Нұржан Смахановтың тәжірибелі маман екенін жақсы біледі. Ұзақ жылдан бері шәкірт дайындау ісінде белсенді қызмет етті. Келешегінен үлкен үміт күттірген таланттарға жол ашты. Олардың ішінде жасөспірімдер арасында бірнеше мәрте Әлем чемпионы атанған Рахат Бекболат та бар, – деді Илья Ильин.
Қолдау болған жерде нақты нәтижеге қол жеткізуге мүмкіндік бар. Бұл орайда облыстың ауыр атлетикасы өзгеге өнеге етуге тұрарлық.
Ауыр атлетикадан 20 жасқа дейінгі жастар арасында Әлем чемпионы атағын жеңіп алған қызылордалық Айсамал Сансызбаева – ауылдан шыққан қарапайым қыз. Қазірдің өзінде ол дүние жүзіндегі бапкерлер тарапынан жоғары баға алып отыр.
2003 жылы Шиелі ауданында дүниеге келген ол ауыр атлетикамен айналысқанына бірнеше жылдың жүзі болды. Қазірге дейін жастар және жасөспірімдер арасында Азия және ел біріншілігінде жүлдегерлер қатарынан көрінді.
– Ауыр атлетика қыз баласы үшін оңай спорт емес. Алғашқыда ата-анам қарсы болды. Десе де зілтемірді көтеру маған қиын тиген жоқ. Оның әдісін толық меңгеріп алдым. Бұл орайда бапкерлерімнің көмегі көп. Беріде облыс орталығындағы Жалаңтөс баһадүр атындағы олимпиадалық резервтің облыстық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжінде білім алдым. Бапкерлерім – Арман Абдраев, Нұрсұлтан Бахрадин, Мұхаммед Тұрысбеков, – деді ол.
Айсамал былтыр 20 жасқа дейінгі жастар арасында Әлем чемпионы атағын жеңіп алды. Одан бұрын Ташкентте өткен Азия чемпионатында 2 мəрте алтын медаль олжаласа, Перудің Лима қаласында жасөспірімдер арасындағы Әлем кубогының жеңімпазы атанған.
– Қазір ата-анам менің әрбір жарысыма көз тігіп, елеңдеп отырады. Сайыс алдында маған қолдау білдіріп, ерекше жігер сыйлайды. Олардан шалғайға ұзап кетсем де, жылы ықылас-пейілінің арқасында дәл қасымда жүргендей сезінемін. Отбасымда менен басқа спортшы жоқ, – дейді Айсамал.
Бала кезінен үлкен жетістіктерге қол жеткізуді қалайтын ол сол жолда тынбай тер төгіп келеді. Әрбір жаттығуда бапкерлер үйреткен ақыл-кеңесіне ұқыпты түрде құлақ асады.
– Алда бізді көптеген жарыстар күтіп тұр. Әлем, Азия және Қазақстан біріншілігі бар. Олардың әрбіріне ерекше дайындық керек. Сонда ғана жетістікке қол созуға мүмкіндік туады. Қазір сол додаларға дайындық басталып кетті, – дейді ауыр атлет.
Ол жарыс барысында ырымдарға көп сене бермейтінін айтады. Алдымен Жаратушы иемізге сыйынып, содан кейін жарысқа тас-түйін дайындықпен шығады.
– Шынымды айтсам, ырымдарға көп сене бермеймін. Аллаға сыйынып, жоғары жетістікке қол созуды қалаймын. Алға қойған мақсаттарым көп. Әзірге оны құпия ұстай тұрайын. Алдымен бапкерлер сенімін ақтауға күш саламын. Ас-тағамдардан етті, мантыны және тәттілерді жақсы көремін, – дейді Айсамал бізбен әңгімесінде.