Жергілікті жанкүйерлер 2000 жылдарға дейін қызылордалық «Қайсар» командасында ойнаған Нұрлан Әбуовтің есімін жақсы біледі. Тасқамал қақпашы ретінде танылған ол беріде аталған клубта басшылық қызметтер атқарды. Жанкүйерлер тарапынан «Әбуов қазір қайда жүр?» деген сауал жиі қойылады. Белгілі қақпашы өзі жаны сүйетін футболдан алысқа ұзап кеткен жоқ екен. Жасөспірімдерге спорттың қыр-сырын үйретіп, бапкерлік қызмет атқарып жүргенін білдік. Жүздесу барысында футболды дамыту, оған балалар мен жасөспірімдерді баулу, инфрақұрылымды жақсарту жайында ой қозғалды.
Жанкүйерді желпіндірген ойындар
- Жанкүйерлер «Қайсар» командасының кейбір ойындарын әлі күнге дейін айтып жүреді. Солардың бірқатарына тоқтала кетсеңіз.
- 1987 жылы өз тарихында тұңғыш рет төртінші орыyға көтерілді. Команданы мұндай жетістікке белгілі маман Юрий Хакимов жетеледі. 1988 жылы «Мелиоратор» КСРО кубогының 1/64 финалдық кезеңінде өз алаңында Тюменьнің «Геолог» клубын қабылдап, олардың қақпасына жауапсыз бір доп соқты. Соның нәтижесінде жарыстың келесі сатысына шығып, сырт алаңда ойнағанына қарамастан Ферғананың «Нефтяник» клубын орта жолда қалдырды. Бұл кездесудің негізгі кезеңінде қос қарсылас бір-бірінің қақпасынан саңылау таба алған жоқ. Жеңімпаз ойын соңынан кейінгі пенальти тебуден анықталды. Кубок ойындарының келесі кезеңі екі ойыннан тұрды.
Бізге Украинаның Харьков қаласының «Металлист» клубы қарсылас болды. Украиналық ұжым сол кезеңде КСРО-ның жоғары лигасында ойын көрсететін. Харьковтегі ойынның бірінші кезеңінде қақпа құлпы ашылған жоқ. Келесі кезеңде алаң иелері екі доп соқса, қонақтар оған бір доппен жауап қайырды. Одақтың белгілі футбол мамандары «Мелиоратордың» жігерлі ойынын жоғары бағалап, олардан үлкен үміт күтті. Өйткені, біздің команданың келесі кездесуде 1:0 есебімен жеңіске жетсе, жарысты жалғастыру мүмкіндігі бар еді. Өкінішке орай, барлығы керісінше өрбіді. Қарымта ойында харьковтік футболшылар бір доп соғып кетті.
Команда 1998 жылы жоғары табысқа кенелді. Ел біріншілігінде төртінші орынға табан тіресе, сол жылы Қазақстан кубогының финалдық кезеңіне шықты. Дегенмен, олар аталмыш кездесуде Павлодардың «Ертісіне» 1:2 есебімен есе жіберіп қойды. Есесіне 1999 жылы жерлестеріміз аталмыш кубокты төбесіне көтерді. Бұл әзірге «Қайсардың» қол жеткізген жоғары табысының бірі саналады. Соның нәтижесінде 1998, 1999 жылдарда Азияның кубок иелері кубогында сынға түсті. Алғашқы жылда беделді бәсекенің 1/16 финалдық кезеңінен бастады. Жерлестерімізге Түркіменстан астанасы – Ашхабад қаласының «Ниса» командасы қарсылас болды. Қызылордалық футболшылар өз алаңында 1:1 есебімен тең түссе, сыртта 0:1 есебімен жеңілді. Соның салдарынан жарысты жалғастырудан шет қалды. Есесіне келер жылы тәп-тәуір ойнады. Алғашқыда Тәжікстанның «Ходжа Каримов» клубын өз жерімізде 3:0 есебімен тізе бүктіріп, сырт алаңда да дәл осы есеппен жеңіліс тапқанына қарамастан, ойын соңындағы пенальти тебуден Сыр жігіттері сыр берген жоқ. Жарыстың келесі кезеңінде біздің клубқа Өзбекстанның Наманган қаласының «Навбахор» клубы жолықты. Біздің команда Қызылордада 2:2 есебімен тең ойнап, Наманганда 0:1 есебімен жол берді.
Балалар спортының бәсі жоғары
– Алғашқы сұрақ. Қазір қандай қызмет атқарып жүрсіз?
– Әлемде футбол спорты қашанда биік тұғырынан төмендеген емес. Біз де бала кезімізден оған өте құмар болып өстік. «Қайсардың» құрамында ұзақ жылдар бойы доп тебу маңдайымызға жазылған екен. Өзің білесің, одан кейін де футболдан алысқа ұзаған жоқпын. Қазір бірқатар жігіттер ойласып, қалада осындай үйірме ашу жөнінде ұйғарымға келдік. Негізгі мақсат – талантты жастарды табу, оларға дұрыс бағыт беру. Әрине, қазір бізден тәлім алып жүрген өрендердің барлығы кәсіпқой футболға бет бұра қоймауы мүмкін. Олардың түрлі жат қылықтардан аулақ болуына қол ұшын созудың өзі көздеген мақсаттың бір парасы орындалғаны.
– Елімізде балалар футболын дамыту жағдайы қалай? Кезінде қазақстандық командалар жергілікті түлектерге арқа сүйейтін еді. Қазір кейбірі сырттан келгендерге сенім артатын болды.
– Талап бойынша әрбір команда жанында балалар футболына арналған орталық бар. Сол орталықта тәлім алған шәкірттер кейіннен кәсіби тұрғыда қайта шыңдалады. Өкініштісі, барлығы біз ойлағандай емес. Оның бірнеше себебі бар. Алдымен бапкерлердің біліктілік деңгейіне назар аударылуы тиіс.
Әлемде жоғары деңгейде дамыған балалар футболы орталықтары бар. Олар талай талантты жасқа жол ашты. Мәселен, Балқан түбегіндегі Сербия, Хорватия, Черногория өрендері қазір азулы клубтарда ойын көрсетеді. Осылайша игі іс өз деңгейінде жүзеге асты. Алдымен бапкерлердің біліктілігіне назар аударылып, футболдың дамуы бойынша озық елдерге тәжірибе алмасуға жіберді. Ойлағандары жүзеге асты. Білімі мен біліктілігі шыңдалған мамандар өз елінде жас өрендерді тәрбиелеп шығаруға құлшына кірісті. Ендігі кезекте беделді клубтар сол шәкірттерге көз тігіп, оларға қыруар қаржы жұмсауға мүдделі болып отыр. Осылайша балалардың футбол орталықтары қаржы тауып отыр.
Өркениетті елдерде футбол – бизнес көзі. Футбол орталықтарында қызмет жасайтын мамандар мықты ойыншы шығарса, өзінің еңбегіне лайықты ақша алады. Өкініштісі, қазақстандық клубтарда әзірге ондай серпіліс жоқ. Шетелден келген легионерлерге үміт артатыны сондықтан.
Әйтпесе, бізде де талантты жастар бар. Оларға қамқорлық қажет. Елдің арасынан оларды іздеп табуымыз тиіс. Бұл бір-екі күндік шаруа емес. Аталған жобалар ұзақ мерзімдерге белгіленуі қажет. Дегенмен, бізде әлі күнге дейін осы жағы кемшін түсіп тұр. Футболды дамытамыз десек, осындай мәселелерге көңіл бөлінгені орынды.
Бапкерлер біліктілігі қандай?
– Енді әңгіме ауанын «Қайсарға» ойыстырсақ. Команда құрамында жергілікті түлектердің саны аз. Кезінде қызылордалық жастар команданың негізгі бөлігін құрайтын еді. Бұл тығырықтан қалай шығуға болады? Кәсіби маман ретінде сіздің ойыңыз қалай?
– Бұдан бұрын айтқанымыздай, балалар футболы өз деңгейінде дамымай, мұндай түйткілдің шешімін табу мүмкін емес. Рас, кезінде команда құрамының негізгі бөлігін жергілікті жастар құрады. Олар намыс үшін ойнады. Ешкімнің ығына жығылмайтын. Жанкүйерлер қолдауы ерекше болды. Қазір «Қайсардың» ойынына барсаң, негізінен сырттан келгендерге үміт артатынын аңғару қиын емес. Өзіміздің жігіттер қосалқы құрамада отырады. Бұл да – жанкүйерлер көңілінде жүрген жағдай. Мұндай олқылыққа жол бермеудің жолын қарастырайық.
Кезінде Қызылордада тәжірибелі бапкерлер көп еді. Олардың қатарында Владимир Ольшанский, Валерий Алексеев, Сәрсенбек Қиятбаев сынды мамандар бар. Команда құрылғаннан бергі жарты ғасырдан астам уақытта талай талантты жастар түлеп ұшты. Тіпті, олардың арасынан Кеңес одағы жастар құрамасына шақыру алған Телеухан Тұрмағанбетов секілді түлектер кездеседі. Бүгінде сол дәстүрді Мақсат Байжанов, Асхат Тағыберген, Думан Нәрзілдаев секілді жігіттер жалғастыруда. Иә, кейінгі он жылда бірді-екілі жастар ғана команда құрамына қосылды. Дегенмен олардың өзі «Қайсардың» көшбасшы ойыншысына айнала қойған жоқ. Әзірге тәжірибе жетіспейтін секілді.
Команда жанындағы балалар футболына арналған орталықта қандай талантты жастар шығып жатыр? Оны бақылап жүрген кім бар? Аудандарда қандай жастар көзге түсіп жүр? Бұрын мамандар осының барлығына көңіл бөлетін. Нәтижесінде «Қайсардың» құрамында ауылдың қарадомалақ балалары да доп тебуге мүмкіндік алды. Қазір негізінен шетелдік немесе өзге өңірлерден келген ойыншыларға иек артамыз. Өзіміздің жігіттер тасада қалып қойып жатқанын байқаймыз.
– Қызылордада балаларға арналған футбол алаңдары жетісе бермейді деген сөз жиі айтылады. Бұл жөнінде ойыңыз қандай?
– Осыдан 20-30 жыл бұрын Қызылордада мұндай алаңдар мүлдем жоқ болатын. Орталық стадионның алаңы «Қайсардың» өзінен артылмайтын. Ал «Локомотив» стадионы мүлдем талапқа сай келмейтін. Одан бері қаншама шағын алаңдар пайдалануға берілді. Балалардың ойнауына мүмкіндік жасалды. Дегенмен олардың санын әлі де көбейткеніміз артық емес. Облыс орталығында қысқы мезгілде дайындық жүргізетін жабық манеж жоқ. Бұл мақсатта мемлекет тарапынан немесе демеушілер көмегімен осындай орындарды ашқанымыз жөн. Нәтижесінде бапкерлер жыл бойына балалармен тиімді жұмыс жасай алады.
Мұндай жобаларға ниет білдіріп жүрген инвесторлар бар. Оған жергілікті басшылық тарапынан қызығушылық болса, игілікті істі бастап кетуге дайын. Мұндай жағдайда қалада төбесі жабық футбол манежі мен барлық талапқа сай жасыл алаңдар пайда болады.
Облыс әкімінің қолдауымен сол жағалаудан жаңа стадионның іргетасы қаланды. Алдағы уақытта ол жергілікті жанкүйерлердің жиі бас қосатын орнына айналады деген үміттемін.
Сыр өңірі таланттарға кенде емес
– Өзіңіз кезінде «Қайсарда» басшылық қызметте болдыңыз. Сол уақытта команда құрамында жергілікті жастардың саны басым еді. Аталған құраммен талай мықты клубтармен терезесі тең дәрежеде ойын болғанын ұмыта қойған жоқпыз. Сол жылдары бапкерлерге қандай талаптар қойылатын еді?
– Сыр өңірі таланттан кенде емес қой. Оларды іздеп табуымыз қажет. Облыстың барлық ауданында футбол үйірмесі бар. Онда қаншама бала тәрбиеленуде. Арасынан таланттысы шығады. Мұндай шәкірттер тасада қалып қоймағаны жөн. Біз осындай жағдайға баса назар аудардық. Жыл сайын футболдан облыстық турнир болады. Сол кезде шеберлігі шыңдалған балалардың келгенін байқаймыз. Оларды көзден таса етпеуге көңіл бөлдік. Көптеген жастар «Қайсардың» құрамына қосылды. Мәселен, Ахмет Алайдаров, Дәуренбек Тәжімбетов, Бектас Ертаев, Дархан Бекішев, Жасұлан Молдақараев сынды түлектер – осындай оң жұмыстың нәтижесі.
Бас бапкер қызметіне келген әрбір маманмен команданың болашағы жөнінде ой бөлісеміз. Олар өзінің жоспарын айтады. Біз де ұсыныс білдіреміз. Алдағы ойындарға жергілікті футбол түлектерін қосу жөнінде талап қоямыз. Ол өзінің жемісін берді. Бүгінде жанкүйерлер жақсы білетін Мақсат Байжанов, Асхат Тағыберген, Думан Нәрзілдаев, Елжас Алтынбеков сынды жігіттер сол кезде шықты. Өкінішке орай, қазір ондай талап жоқ секілді. Әйтпесе, әрбір ойында жергілікті түлектер жасыл алаңнан көрінетін еді. Көбірек шыңдалмаса, олар тәжірибесін қалай арттырады? Бұл – ойланатын мәселе.
– Сөзіңізді бөлейін. Қазір «Ордабасы» мен «Тараз» командалары негізінен жергілікті түлектерге үміт артады. Премьер-лигада ойнайтын екі команда турнир кестесінде жоғары орындарда келеді. Олар мұндай жетістікке қалай қол жеткізді? Кәсіби маман ретінде көзқарасыңыз қандай?
– Қай кезде де Шымкент, Тараз футбол мектебі жоғары бағаланады. Сол тұғырдан әлі төмендеген жоқ. Кезінде қолға алынған жобаларды жүйелі жалғастырды. Аталған өңірлерде команда жанындағы орталықтар бар. Оған қоса футболға лайықталған балалар мен жасөспірімдер спорт мектептері жұмыс істейді. Жергілікті басшылық пен кәсіпкерлердің қолдауымен Премьер-лига және бірінші лигада кәсіби деңгейде бірнеше команда құрылған. Осылайша талантты жастар тасада қалып жатқан жоқ. Кейіннен аталған командаларда ойын көрсетуге мүмкіндік алады.
Әрбір орталық жастарды іріктей алады. Еліміздің өзге клубтары оларға қызығушылық танытса, футболшының ақысын төлейді. Бұл орталықтардың қаржылық жағдайын жақсартуға септігін тигізеді. Өкінішке орай, бізде осы жағы кемшін түсіп жатыр. Негізгі басымдық «Қайсарға» бағытталған. Талантты жастарды соған тартамыз.
– Көршілес Түркістан облысында жақсы байқалады. Тіпті, аудандарда командалар бар. Олардың алды Премьер-лигада ойын көрсетеді. Бізде де сол істі неге қолға алмасқа? Кейбір аудандардың оған мүмкіндігі бар емес пе?
– Ашығын айтқанда, Түркістан. Шымкент аймағында бұл жағы жақсы дамып келеді. Қазір Премьер-лигада «Ордабасы» мен «Тұран» бар. Олардан бірінші лигада да төменгі команда ойнайды. Команданың көп болғанының артықтығы жоқ.
Жылма-жыл футбол орталықтарында қаншама түлек шеберлігін шыңдап шығады. Енді олар кәсіби деңгейде өздерін көрсетуі тиіс қой. Мәселен, бір облыста үш-төрт команда болса, жастар сол ұжымдарда ойнайды. Нәтижесінде олардың арасынан таланттысын таңдап алуға әбден болады.
Әлемнің көптеген елдерінде бұл әдіс жолға қойылған. Нидерландтың «Аякс» командасын алайықшы. Онда футболшы дайындау жоғары деңгейде дамыған. Дүниежүзіндегі белгілі клубтардың барлығы сол орталықта тәрбие алған футболшыларға үміт артады. Қымбат бағасына сатып алудан да кет әрі емес.
Қысқасы, біз әлі күнге дейін футболдың бизнес екенін түсінбей жүрген секілдіміз. Қаншама қаржы жұмсалғаннан кейін оның жемісін де көруіміз қажет емес пе?
Менің ойымша, «Қайсар» және футболға арналған орталықтарды дамытсақ, одан еш ұтылмаймыз. Әрқайсысы өз түлегін дайындауға тырысады. Бұған жергілікті басшылық тарапынан көмек жасалғаны дұрыс.
Қазақстандық футболшылар деңгейін төмен деп айта алмаймын. Бәлкім, олардың арасында өзге елдерден шақырту алып жатқаны бар да шығар. Дегенмен, сол жастардың көбісі басқа жақта доп тебуге құлықсыз. Оның бірнеше себебі бар. Кейбір елдерде жалақы бізден төмен. Жастар сыртта ойнау арқылы тәжірибе жинайды. Сондықтан елімізде балалар футболын дамыту басты мақсаттың бірі болуы тиіс. Өкінішке орай, әзірге бізде осы жағынан олқылық бар.
Алысқа бармай-ақ қоялық, көршілес Өзбекстанда футбол орталықтары жоғары деңгейде дамып келеді. Кезінде Ілияс Зейтуллаев итальяндық клубтарда доп тепсе, қазір Элдор Шомуродов «Рома» жейдесін киіп жүр. Барлығы өзіміздің қолымызда екенін де ұмытпайық. Қазақстанда дарынды ұландар өсіп келеді. Тек біз оларды тауып, шеберлік деңгейін арттыруға қолдау көрсетсек, соның өзі жетістік.